Ақмола облысында пеш тазалап жатқан бес жұмысшы күйіп қалды

0
915

Оқиға цемент зауытында болған.


Ақмола облысында пеш тазалап жатқан бес жұмысшы күйіп қалды

ERNUR.KZ. Ақмола облысындағы «Көкше-Цемент» зауытында оқыс оқиға болды. Бес бірдей жұмысшы пешті тазартып жатып күйіп қалған, деп жазады Тengrinews.kz.

Үшеуі Бурабай аудандық ауруханасына жеткізіліп, ал қатты күймеген екеуі амбулаториялық ем алып жатыр. Аяқ-қолы, бет пен басын күйік шалған жұмысшылардың жасы 30-33 аралығында. Олар бұл зауытта вахталық режимде жұмыс істейді екен.

Оқиға цемент зауытында болған. Түс ауа бес жұмысшыға алып пешті тазарту тапсырылған. 1200 градусқа дейін қызып тұратын қондырғы суып үлгерместен олар жұмысқа кіріскен. Осы кезде көмір ұнтағымен жылытылатын пештің аптап ыстығы оларды алып ұрған.

Сөніп тұрған пеште аптап ыстық қайдан келгені кейін белгілі болды. Пеште цемент әзірлеу үшін қосатын кен, яғни қоспа қыздырылады екен. Аса жоғары температураға жеткізіп қоспаны алғаннан кейін пешті тазарту жұмысшыларға жүктелген. Тазартып жатқанда жоғарыдан қызуы қайтпай қып-қызыл болып қабырғасына жабысып тұрған қоспа олардың басына сау етіп құлаған. Қатты күйіп қалған үшеуі ауруханаға жеткізілді.

"Жағдайлары орта дәрежеде. Қазір травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Басы, беті, мойны, қол-аяғы күйіп қалған. Біреуін - 25, екіншісін - 20, үшіншісін 15-20 пайыз күйік шалған", - дейді Бурабай аудандық ауруханасының травматолог дәрігері Асқар Баймұханбетов.

"Көкше-Цемент" - 700 адам жұмыс істейтін өңірдегі ең ірі кәсіпорын. Қазір аталмыш төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс басталды.