Ақмолада 100-ге жуық жетім баланы асырап алды

0
1 804

Бала асырап алушылар арнайы курстан өтеді


Ақмолада 100-ге жуық жетім баланы асырап алды

ERNUR.KZ. Ақмола облысында «Ана үйі» қоғамдық қоры жанынан құрылған "Жанұя" бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы жетім балалар санын азайтуға септігін тигізуде. Соңғы екі жыл ішінде облыс аумағында 100-ге жуық жетім бала асырап алынды, деп жазады baq.kz.

2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтың басты мақсаты – бала асырап алуға ниеттенген ата-аналарға психологиялық және заңды көмек көрсету. Осылайша балалар үйлеріндегі жетімдердің толық отбасында тәрбиеленуіне күш салу.

«Ең бастысы, тастандылар азайып, жетімдер үйі де қысқарды. Бала асырап алушылар қатары артып келеді. Соңғы екі жылда облыста 100-ден аса бала асырап алынды. Өңірдегі Есіл балалар үйінің жабылуына өз үлесімізді қоса білдік деп ойлаймын», – дейді орталық маманы Динара Дәулеткызы.

Мамандар екінің бірі тәуекел ете бермейтін игі іске жүрек қалауымен, жан жылуымен он ойланып, жүз толғанып барған дұрыс деп есептейді.

«Көп ата-аналар бала психологиясын жақсы білем деп ойлайды. Бірақ жетімдер басқа балалардан мүлдем бөлек. Олар да ақылды, мейірімді, бала сияқты қиялдайды. Бірақ жетімдер үйі – қоғамнан оқшау орта. Мұндағы баллардың өмірге бейімделуі қиын. Отбасына жаңа адамды қабылдау оңай нәрсе емес. Оған дайындық керек. Осы ретте біздің психологтар ата-анаға да, балаға да көмек көрсетеді», – дейді орталық психологы Сергей Комаров.

Орталықта екі ай ішінде 14 сабақ өткізіледі. Бала асырап алушыларға арнайы курстан өту міндеттелген.

«Сабағымызға дамыған елдер тәжіибесін қолданамыз. Бағдарлама ағылшын-голландық болғанымен, өз қалауымызға өзгерттік. Топтық сабақтардың тиімділігі мол. Келушілер бір-бірлерімен араласып, өмірге деген көзқарастары өзгеріп жатады. Орталық сенімділікті нығайтып, өз мүмкіндігіңді бағалауға мүмкіндік береді», – дейді маман Динара Дәулетқызы.

Мамандардың айтуынша, облыс аумағында бала асырап алуға ниетті жандардың қатары көп. Тек оларды алаңдататыны, қамқорлығына алған баланы дұрыс қарай аламын ба, болмаса ол біздің отбасымызға үйреніп кете ме деген мәселелер екен.

«Перзент сүю бақытына қол жеткізгісі келген жандар орталыққа үмітінен күдігі басым болып келеді. Кейбір ерлі-зайыптылар балалы болғаннан кейін асырап алған баланы қайтарғысы келетіндерін айтады. Осындай келеңсіздікті болдырмас үшін әр ата-анамен жеке әңгімелесіп, оларды жауапты қадамға дайындаймыз. Нәтижесінде бір қыз бен жасөспірім бала отбасына қайта оралды. Көп ата-аналар бала бауыр басып кеткенше қиналады», – дейді психолог Сергей Комаров.

Мамандар көп адамдар баланы асырап алудан басқа қамқорға алудың бірнеше түрі барын білмейтінін айтады. Мемлекет қолдау көрсететін қамқоршылыққа алу, патронаттық және кәсіби патронаттық отбасы болу сияқты түрлері бар. Кәсіби патронаттық отбасылар 10 балаға дейін қабылдай алады.

Орталық жұмысы мүмкіндігі шектеулі жетім балаларға да көмек көрсетуді көздейді. Мамандардың айтуынша, бала асырап алушылар дерті жоқ балғындарды іздейді. «Жұлдызай» қайырымдылық қорының қолдауымен науқас балаларды емдеу де жоспарлануда.

–Жетім өскен баланың басқа отбасыға бейімделуі де қиын. Тәжірибеде асырап алған балаларды қайтып берген жағдайлар да кездеседі. Жобаның басты мақсаты – осындай жағдайларды болдырмау, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу. Ел ішінде жүрегі мейірімге толы жақсы адамдар көп. Қазіргі уақытта Бұланды ауданында 40 бала, Бурабайда 13 бала, Есілде 5 бала толық отбасында тәрбиеленуде. Зеренділік кәсіпкер 4 баланы асырап алды. Осындай жандар мен жан жылуы бар жерде ешбір бала жетімдік көрмесе екен»,–дейді орталық мамандары.