​Ақмолада 700-ге жуық көше атауы қазақшаланды

0
1 376

Бір мекемеге Үкілі Ыбырай атамыздың аты беріліп үкіленсе, бір мектеп жерлесіміз, атақты жазушы-драматург Сәкен Жүнісов атымен аталды.


​Ақмолада 700-ге жуық көше атауы қазақшаланды

ERNUR.KZ. Ақмола өңірінде 23 елді мекен мен 696 көшеге қазақша атаулар берілді. Облыс орталығында Мирзоян, Садовая, Урожайная, Западная, Тихая, Первомайская атала салған көшелер Жұмағали Тілеулин, Бәйімбет батыр, Байдалы би, Саққұлақ би, Бапан би, Үмбетеу жырау есімдерімен аталады, деп жазады BAQ.KZ

Ұлтының сауатын ашуға ұлан-ғайыр еңбек сіңіріп, білім шыңына жол ашқан Ыбырай Алтынсарин, «ұлт ұстазы» атанған, бар білім-білігін халқына арнаған кемеңгер Ахмет Байтұрсынов, қазақ жерінің әр сүйемі үшін табан тіресе, айқасқан марқасқа Жұмабай Тәшенов атындағы көшелердің қазақшалануына жергілікті тұрғындардың да ықпалы зор болғанын айту керек.

«Қазақтың көркем табиғатының бойтұмарындай Көкшетау атанған кербез шаһарымыздың көшелерін араласаңыз, алдыңыздан шежірелі ұлтымыздың мақтан тұтқан ұлдарының есімдері шығады. Оларды көріп бойыңызды мақтаныш сезімі билейді. Олардың қай-қайсысы да қазақ елінің өркендеуіне, халқымыздың мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, Отанымызды басқыншы жаудан қорғауға елеулі үлес қосқандар. Есімдері көзіңе оттай басылған ағалар мен аталар өткен жол тағы бір еске түсіп, бүгінгі тәуелсіз еліміздің есеюіне өзім не үлес қосып жүрмін, деген жауапкершілік жүгі санаңа сұрақ салғандай. Аруақты, ардақты ағалар көшесімен келе жатсаң, олар сенің әр қадамыңды қорғап, қолдап тұрғандай әсерде боласың», - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім жетекшісі Айгүл Талпақова.

Салмақты сұрыптау, талқылаулардан сүрінбей өткен құжаттар нәтижесі көрініп-ақ тұр. Бір мекемеге Үкілі Ыбырай атамыздың аты беріліп үкіленсе, бір мектеп жерлесіміз, атақты жазушы-драматург Сәкен Жүнісов атымен аталды.

«Ұлы Абай мен Мұхтар көшелері қатар аққан қос өзендей көрініп, ұлтымыздың терең ойы мен кестелі сөзіне қойылған ескерткіштей елестесе, Кенесары мен Наурызбай көшелері тартысты тарих қойнауына тартады, қайсарлыққа үндейді. Ұлы Отан соғысы кезінде қазақтың мәрттігін, ақылына ерлігі сайлығын танытқан талантты ғалым, әрі батыр Мәлік Ғабдуллин атындағы көше кең көсіліп, көлденең жатыр. Ел үшін күн-түн қатып жүріп жолдары талай қиысқан қайраткерлер Бәйкен Әшімов пен Мақтай Сағдиевтердің көшелері сол бір қимас сәттерді еске түсіргендей тағы қиылыса қалыпты. Ұлан, Игілік, Қызғалдақ, Адырна, Шамшырақ, Ұлы дала деген көшелер де тілге төл сөзімізді оралтып, ұлттық болмысымызды айшықтай түскендей», - дейді қала тұрғыны Біләл Теміржанов.