АҚШ институты Қазақстанды COVID-19 құрбаны көп елдер қатарына қосты

0
517

Порталдың мәліметі бойынша, елде коронавирустан қайтыс болғандардың нақты саны - 81 696 адам.


АҚШ институты Қазақстанды COVID-19 құрбаны көп елдер қатарына қосты

ERNUR.KZ. Вашингтон университетіне қарасты Медицина мектебінің IHME Денсаулықты бағалау және көрсеткіштер институты Қазақстанды коронавирустан қайтыс болғандар саны ең жоғары 20 елдің қатарына кіргізді. Мақала авторларының мәлімдеуінше, әлемде коронавирустан қайтыс болғандардың шынайы көрсеткіші ресми мәліметтегі сандардан екі есе көп, деп жазады Tengrinews.kz.

Институттың жаңа талдауына сәйкес, әлемде шамамен 6,9 миллион адам COVID-19 құрбаны болған, бұл көрсеткіш ресми мәліметтен екі есе жоғары.

"IHME COVID-19-дан қайтыс болғандар туралы статистикалық мәліметтің барлық елде айтарлықтай аз тіркелетінін анықтады. Жаңартылған талдауға сәйкес, АҚШ-та бүгінге дейін COVID-19-дан қайтыс болғандар кез-келген елге қарағанда көп болды, жалпы саны 905 мыңнан аса адам. Жалпы өлім-жітімнің аймақтық көрсеткіштері бойынша, Латын Америкасы мен Кариб бассейні, Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия ең көп зардап шекті. Бұл көрсеткіш тек SARS-CoV-2 вирусынан болған өлімді қамтиды", - деді мақала авторлары.

Қазақстан рейтингте соңғы 20-орында тұр. Порталдың мәліметі бойынша, елде коронавирустан қайтыс болғандардың нақты саны - 81 696 адам. Кестеде тіпті ресми көрсетілген сан жоғары. Институттың мәліметінше, Қазақстанда 5 620 адамның коронавирустан қайтыс болғаны ресми тіркелген. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі 7 мамырдағы жағдай бойынша, ПТР расталып, коронавирустан 3 889 адамның, COVID-19 белгілері бар пневмония мен ПТР теріс 829 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Жалпы саны - 4 718.

Сонымен қатар, коронавирустан қайтыс болғандар саны ең көп елдердің қатарында АҚШ, Үндістан, Мексика, Бразилия, Ресей, Ұлыбритания, Италия, Иран, Египет, Оңтүстік Африка, Польша, Перу, Украина, Франция, Испания, Германия, Индонезия, Жапония мен Румыния бар.

Елдердегі ресми деректерді есептейтін Джонс Хопкинс институтының мәліметтеріне сәйкес, әлемде коронавирустан қайтыс болғандардың саны - 3 271 445 адам. Бұл тізімде Қазақстан қайтыс болғандар саны бойынша 66-орында тұр.