Ақтауда көпқабатты үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті

0
451

Апат қатты желден болған.


Ақтауда көпқабатты үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті

ERNUR.KZ. Ақтауда қатты желдің салдарынан көпқабатты тұрғын үйдің қаптамасы опырылып түсті. Салдарынан газ құбыры зақымдалды, деп жазады Tengrinews.kz.

Бүгін таңғы сағат 03.30-да Ақтаудың 30-шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінің қабырғасы құлап түсті.

"Оқиға күндіз болса, зардап шеккендер болушы еді. Бұл үй ақпаннан бастап Меншік иелері қауымдастығының (МИҚ) басшылығына өтті, сондықтан жауапты адамды таба алмаймыз. МИҚ басшылары мен қызметкерлері уәде айтады, бірақ міндеттемелерін орындамайды", - дейді үйдің тұрғыны Сәуле.


Әкімдік мәліметінше, апат қатты желден болған. Салдарынан газ құбыры бүлінді. Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта оқиға орнында қала әкімінің орынбасары Серік Гусман, әкімдіктің және төтенше жағдайлар басқармасының тиісті жауапты бөлімдері, сондай-ақ Мүлік иелері бірлестігінің бірлескен тобы жұмыс істеп жатыр.



Қауіптің алдын алу үшін "ҚазТрансГазАймақ" АҚ қызметкерлері газ беруді уақытша тоқтатты. Құбырлар тексерілгеннен кейін газ қайта беріледі.

Опырылған қабырға арнайы техникамен жиналып жатыр.

Түстен кейін қабыршақтанған қабырға тегістеледі. Тұрғын үйді толық қалпына келтіру жұмыстары қала әкімдігінің бақылауында болады.