Ақтөбеде әкімдік қызметкерін өлтірген азамат көше камераларының арқасында табылды

0
536

Ақтөбеде полиция облыс әкімдігінің 47 жастағы қызметкерінің жантүршігерлік өлімін тергеп жатыр.


Ақтөбеде әкімдік қызметкерін өлтірген азамат көше камераларының арқасында табылды

ERNUR.KZ. 23 ақпан күні жүмысқа шыққан әйел із-түссіз жоғалып кеткен. Бір күннен кейін туыстары Жанна Мұратқалиеваны іздей бастайды. Ал келесі күні әйелдің мәйіті көліктің жүксалғышынан табылады, деп жазады stan.kz.

"Ақтөбе облысында 47 жастағы әйел жұмысқа кетіп, оралмаған. Полиция қызметкерлері 25 ақпанда жедел-тергеу іс-шаралары кезінде 29 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Оның автокөлігінен пышақ жарақаты түрінде зорлықпен өлтіру белгілері бар жоғалған әйелдің мәйіті табылды. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы "Кісі өлтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – дейді Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.

Әріптестерінің айтуынша, әйелді адам танымастай етіп азаптаған. Кісі өлтіруші мен жәбірленуші бір-бірін бұрыннан танитын дейтін нұсқа бар. Тергеу мүддесі үшін полиция ешқандай мәліметтерді жарияламай отыр. Бірақ жұмысқа бара жатқан марқұмның қай көлікке мінгенін жазып алған көше камераларының арқасында күдіктінің кім екені анықталған.

Жанна Мұратқалиеваның артында 16 және 17 жастағы кәмелетке толмаған екі қызы қалды. Екеуі де студент. Бадамша ауылынан қоныс аударған әйел облыс әкімдігіне жақында ғана ауысқан.

"Жанна Дәулетқызымен жарты жылдай жұмыс істеп үлгердік. Ол өте жауапты, ұқыпты қызметкер еді. Өте ауыр қайғы. Кеше әріптестерімізбен бірге қыздарына көңіл айтуға бардық. Қайғылы оқиға жайлы сенбі күні туыстары телефон соғып, жұмыстан келмегенін айтқан соң ғана білдік", – дейді Ақтөбе облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Тұрсынгүл Бисаутова.