Ақтөбеде аула сыпырушы кәсіпкер болып кетті

0
982

«Бастау» жобасымен 42 жастағы Александр Красильников өз бизнесін бастады.


Ақтөбеде аула сыпырушы кәсіпкер болып кетті

ERNUR.KZ. Ақтөбеліктер «Бастау» жобасымен дәстүрлі емес шаруашылықты меңгеріп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

«Атамекен» ҰКК-ның Қобда аудандық филиалы 42 жастағы Александр Красильниковтің бизнес бастауына көмектесті. Ауыл тұрғыны алдымен кәсіпкерлік негіздерін оқып, хоббиін табысқа айналдырды.

«Өзімді қызықтыратын саланы кәсіпке айналдыруға бел будым. Алғашында бір омартадан бастап, 50 мың ара ұстадым. Қазір алма бағында төрт үйшік, онда 200 мың ара бар. Шөптің түрі көп, тіпті мақсары алқабына ара жіберіледі. «Медовик» кооперативінің белсенді мүшесі болып алдым. Ал оған дейін ауыл мектебінің аула сыпырушысы болып еңбек еттік. Жаңа іс бастау туралы ойламаған едім. Көз қорқақ, қол батыр екен», - деді Александр Красильников.

Омарташы өзі өндірген балды брендке айналдыруды көздеп отыр. Биыл шаруашылығын кеңейтіп, үздіксіз тапсырыс қабылдады.

«Балдың емдік қасиетін көп адам біледі. Әрі таза өнімді дүкеннен табу қиын. Алдағы уақытта арнайы құтыға салып, атауымен сатылымға шығарғым келеді», - деді кәсіпкер.

Айта кетейік, «Бастау» жобасы Ақтөбенің Қобда ауданында 2018 жылы алғаш рет іске асырылды. Барлығы 91 адам оқып, 22-сі несие алып, ісін бастады. Оларға 62 миллион теңгеден астам қаржы берілді.

Қобда ауданы бойынша тренер Базархан Құлмановтың айтуынша, биыл 70 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгерді. Білім алғандардың кейбірі ісін бастап кетті. 2018 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында қолға алынған «Бастау» жобасына 2 мыңнан астам ақтөбелік қатысты. Оның 500-ден астамы несие алып, кәсіп бастаған.