​Ақтөбеде мектеп инспекторының оқушыға электрошокер пайдаланғаны расталмады

0
1 352

Мектеп инспекторы мектеп формасын сақтамаған оқушыға қол көтерген.


​Ақтөбеде мектеп инспекторының оқушыға электрошокер пайдаланғаны расталмады

фото: inform.kz

ERNUR.KZ. Ақтөбе қаласындағы №2 орта мектептен шу шықты. Қазір облыстық ІІД оқушыға қол көтерген мектеп инспекторына қатысты істі тергеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласындағы орта мектепте болған оқиға алдымен әлеуметтік желіге жарияланды. Өзінің аты-жөнін жасырған адам №2 орта мектепте инспектордың мектеп формасын сақтамаған оқушыны ұрғанын айтып, көмек сұрады. Ал облыстық ІІД мектеп инспекторының электрошокер пайдаланғанын растамады.


«22 қыркүйек күні №2 орта мектепте болған оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталды. Тексеруден соң шешім қабылданады. Алайда, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектордың электрошокер пайдаланғаны расталған жоқ»,- деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта №2 орта мектеп директоры Сания Данишева мектеп инспекторының оқушыны ұрғанын растап отыр.


«22 қыркүйек күні оқушы мен инспектор арасында келіспеушілік орын алған. Сол кезде мектеп инспекторы оқушыға қол көтереді. Биыл 1 қыркүйек күні мектеп инспекторы қызметіне 22 жастағы Елек полиция бөлімінің қызметкері келген болатын. Негізі мектеп инспекторы мен кезекші оқушыларды қарап шығып, олардың сабаққа келуі мен ішкі ережені сақтауын тексереді. Инспектор 10-сынып оқушысымен сөйлесіп, кейін оңаша шығарып алған. Инспектордың ұрғаны жөнінде кезекші біліп, дәл сол күні полиция мен оқушының ата-анасы шақыртылды. Медициналық кабинетте оқушының денсаулығы тексерілді. Қазіргі кезде екі тарап татуласты. Мектепке басқа инспектор берілді», - деді мектеп директоры Сания Данишева.