Ақтөбеде сабақ басталарда мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды

0
783

Мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын аяқтауға 4 ай уақыт берілген.


Ақтөбеде сабақ басталарда мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталды

фото кадрдан скрин

Сабақ басталуына бір апта қалды, ал Ақтөбеде Сарыжар ауылының тұрғындары жаңа оқу жылы жақындаған сайын абыржып жатыр. Бірінші қыркүйекке бір ай қалғанда ауылдағы мектепте күрделі жөндеу басталған. Ауылдықтар мұны түсінбей дал, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Өзге мектептер оқушыларын қабылдауға әзірленіп жатса, Мәртөк ауданындағы Хлебодар орта мектебінде өзгеше көрініс. Астаң-кестеңін шығарып, жөндеп жатыр. 1973 жылы іргесі қаланған оқу ордасына соңғы рет 2000 жылдары жөндеу жүргізіліпті. Шатыры мен терезесін ауыстырған екен. Биылғы күрделі жөндеу баласы мектепке баратын ата-аналардың ашуына тиіп отыр. Әрине, олар білім ошағының жөнделгеніне қарсы емес, тек бар жұмыс оқу жылы тақалғанда басталғанына наразы.

"Ремонтты мезгілсіз уақытта бастағанына, мына оқу жылының қарсаңында, әсіресе, мына санитарлық-эпидемиологилық ереженің бұзылғанына қарсы. Ауыл шетінде жаңа мектеп бар. Сарыжар мектебі деп аталады. Онда да 500 адам бар. Оларға үш ауысымда сабақ өткізіледі. Сағат жетіге дейін өткізеді. Соған мына жақтағы 500 баланы ана жаққа ауыстырған кезде қандай қиындықтар туындайды", - дейді Сарыжар ауылы қоғамдық кеңесінің мүшесі Өмірбек Сейталин.

Ауылда екі мектеп бар. Бірі осы Хлебодар орта мектебі болса, екіншісі 2018 жылы салынған Сарыжар орта мектебі. Олдарда барлығы 1300 бала барады. Ауылдықтар егер биыл барлық оқушыны бір оқу ордасында оқытса, балаларымыз індет жұқтырып ала ма деп алаңдап отыр.

"Ремонтты кемінде июнде, балалар демалып жатқанда жасамай ма? Қазір августің нешесі? 22-сі, 23-і. Арғы жағында балаларға оқу керек ғой. Екі жыл оқыған жоқ вирус, вирус деп. Балаларға оқу керек ғой. Анда бір мектеп бар. Түстен кейін тағы оқу керек", - дейді Сарыжар ауылының тұрғыны, Берік Назарбаев.

Екі қабатты Хлебодар орта мектебін жөндеуге қазынадан 180 млн теңге қаржы бөлінген. Білім ошағының жалпы аумағы 12 мың шаршы метр.

"Біздер бастағанымызға бір апта болды. Уже "черновой" жұмыстар бітіп жатыр. Стена, черновой малярка бітті. Канализация бүкілі, есікті жаңалаймыз, коридор армстронгпен істеледі", - дейді мердігер компанияның бригадирі Сражатдин Салиев.

Құрылысшылар тындыратын шаруа шаш етектен. Біреулері қабырғаны майлап, енді біреулері ғимараттың ескі еденнің тақтайларын ауыстырып жатыр.

4 ай уақыт! Мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын аяқтауға осынша уақыт беріп отыр. Осы уақыттың ішінде олар әр кластың қабырғасын майлап, еденін, жылу батареяларын жаңалап, есіктерін ауыстыруы тиіс. Мердігер компания біз төрт ай емес, екі айдың ішінде барлық жұмысты аяқтаймыз деп отыр.

Мемлекеттік сатып алу бойынша байқауға бірнеше мердігер қатысқан. Жеңімпаз да уақытылы анықталды деп отыр. Алайда, кейбір үміткерлер байқауды өткізу тәртібімен келіспей, шағым түсірген.

"Әлихан Ойл" ЖШС мердігер болып анықталып, шілде айының аяғында басқа мердігерлер обжалование берген. Арызданғасын, уақыт созылды. 10-тамыз күні құзырлы органдар тексчеріп, арыз негізсіз деп қалдырып, "Әлихан Ойл" ЖШС мердігер деп танылып, жұмысын бастады", - дейді Мәртөк аудандық білім басқармасының бөлім басшысыНұржан Әшімов.

Аудандық білім бөліміндегілер алаңдауға еш негіз жоқ, әр баланың қауіпсіздігі үшін жауап береміз деп отыр. Хлебодар орта мектебінің оқшыларын екіге бөлмекші. Жартысы ауылдағы мәдениет үйінде, қалғандары Сарыжар орта мектебіне баратын болады. Әрі екі мектептің оқушыларының сабақ және үзіліс кестесін де әр уақытқа қойған. Жөндеу жүргізіліп жатқан мектепке балалар оқу жылының екінші тоқсанында оралады деп сендірді.