Ақтөбеде Сириядан оралған әйел бес жылға сотталды

0
938

Үкім әлі күшіне енген жоқ.


Ақтөбеде Сириядан оралған әйел бес жылға сотталды

ERNUR.KZ. 22 тамыз күні Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы Әлима Әділова Сириядан оралған соң терроризм күдігіне ілінген жергілікті тұрғын Ақмарал Алмағамбетованы бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, Алмағамбетова жазасын қауіпсіздігі орташа (жалпы режимдегі) колонияда өтейтін болады деп жазады Азаттық.

Сотталушының адвокаты Назгүл Дүйсенбекованың Азаттыққа айтуынша, үкім шыққан күні сот залында Ақмарал Алмағамбетованың туыстары болмаған. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

Қазақстан билігінің "Жусан" арнайы операциясы аясында биыл көктемде Сириядан елге қайтарылған соң 32 жастағы Ақмарал Алмағамбетоваға тергеу орындары "терроризмді насихаттады", "ұлттық алауыздық тудырды" деген айыптар таққан еді. 22 шілдеде өткен алғашқы сот отырысында Алмағамбетова өзіне тағылған айыптарды толық мойындап, процестік келісімге дайын екенін айтқан. Қылмыстың саралануымен келіспеген судья 23 шілдеде Алмағамбетованың ісін жаңа процестік келісім жасау үшін прокуратураға қайтарған болатын.

Тергеу материалдары бойынша, Ақмарал Алмағамбетова заңды некедегі күйеуінен 2013 жылғы мамыр айында шариғат жолымен ажырасқан соң көп ұзамай үш баласын оған қалдырып, шетелге кеткен. 2014 жылғы қаңтарда Ақтөбеде қалған күйеуіне Сириядан хабарласып, қақтығыс аймағында жүргенін айтқан. Кейін бірнеше рет аудио және жазбаша хабарлама жолдап, балаларының әкесіне ДАИШ () экстремистік ұйымының "идеяларын насихаттаған".

Тергеудің дерегінше, Ақмарал Алмағамбетова соңғы алты жылда Сириядағы бірнеше қаланы мекендеген. Соңғы тұрағы осы елдің солтүстігіндегі Кобани қаласынан күрд жасағының көмегімен босқындар лагеріне жетіп, 2019 жылғы 9 мамырда "Жусан" операциясы аясында Қазақстанға Сирияда 2015 және 2017 жылдары дүниеге келген екі баласымен бірге жеткізілген.

Оның екі баласы қазір мемлекет қарауында. Ақтөбеде олар тәрбиеленіп жатқан сәбилер үйінің аты-жөнін атағысы келмеген қызметкері Азаттыққа балалардың денсаулығы жақсы екенін айтты.