Ақтөбедегі жол апаты: Бапкер ес-түссіз жатыр

0
675

Жол апатынан зардап шеккендердің бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр.


Ақтөбедегі жол апаты: Бапкер ес-түссіз жатыр

ERNUR.KZ. Жол-көлік апатынан соң ауруханаға жеткізілген жаттықтырушы ес-түссіз жатыр. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолында болған жол апатынан соң аурухана түскен оқушылар мен волейбол командасының жаттықтырушысы қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер жаттықтырушының ес-түссіз жатқанын, жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын хабарлады.

«Жетінші омыртқасы, алтыншы омыртқасының өсіндісі сынған. Оң жақ жамбасы жарылған. Сол жақ қолы сынған. Жабық бас-ми жарақатын алды. Миы шайқалды. Басы қатты жараланған»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апатынан зардап шеккендердің бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Барлығының жағдайы ауыр бірақ, тұрақты.

Үш баланың халі орташа, олар хирургиялық бөлім палатасында ем алады.

Балаларға медициналық көмек тәулік бойы көрсетілуде, бақылауға алынған. Аурухана барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.

Ата-аналарға балаларды емдеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат беріледі. Бүгін олар реанимациялық және хирургиялық бөлімшелерге жіберілді.

«Іс облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатаң бақылауында»,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, тасжолда Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны басқарған «Toyota Estima» автокөлігі аударылды.

Автокөлік ішінде 11 адам, оның ішінде 2010-2011 жылдары туған 9 бала болды. Олар волейболдан жарысқа қатысу үшін шыққан. Нәтижесінде бір бала жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды, қалған 8 бала Ақтөбе облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Осыған дейін балаларды біріне операция жасалғанын хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ жол апатына байланысты тергеу жүріп жатқаны хабарланды.