Ақтөбелік әкімдерге әлеуметтік желімен жұмыс істеуге семинар өтті

0
1 352

Еліміз бойынша әлеуметтік желімен, БАҚ-пен жұмыс істеу, байланыс тетігін меңгеруді бірінші болып Ақтөбе облысының әкімдері мен басқарма басшылары үйреніп жатыр.


Ақтөбелік әкімдерге әлеуметтік желімен жұмыс істеуге семинар өтті

ERNUR.KZ. Ақтөбеде аудан әкімдері мен басқарма басшылары әлеуметтік желімен жұмыс істеу тетігін үйренуде, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына арналған «Өңірлік дамуды трансформациялау» тақырыбында семинар өткізіп жатыр. Үш күндік семинар кезінде басшылар әлеуметтік желімен, БАҚ-мен жұмыс істеу туралы үйренді.

«Еліміз бойынша әлеуметтік желімен, БАҚ-пен жұмыс істеу, байланыс тетігін меңгеруді бірінші болып Ақтөбе облысының әкімдері мен басқарма басшылары үйреніп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Мемлекеттік басқару академиясына арнайы курс әдістемесін жасап, оқытуды тапсырды. Аудан, ауыл әкімдері мен облыс басшылығы, оның орынбасарлары, басқарма басшыларын қамту жоспарланған. Яғни, топ-менеджерлер әлеуметтік желі арқылы халықпен араласып, оларға жақын болуы тиіс. Өткен аптада мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары біліктілігін арттырды. Яғни, Президент әкімшілігі, министрлердің баспасөз хатшылары коммуникациялық менеджментті меңгерді. Барлығы 16 сағатқа арналған әдістеме бойынша барлық өңірде семинар-тренинг өтеді», - медиа тренер Ақерке Берлібай.

Мемлекеттік басқару академиясы әкімдер мен басқарма басшыларының әлеуметтік желідегі жұмысына мониторинг жасаған. Қазір еліміз бойынша облыс, қала, аудан әкімдерінің әлеуметтік желіде парақшалары бар. Бірақ көбі өз парақшасын жүргізбейді.

«Бір басқарма желіге жазба қалдырып, облыс әкімін тегтеп қойса, ол жазда автоматты түрде әкімнің парақшасында шығып тұрады. Ақтөбе облысына келер болсақ, 2 әкім өз парақшасын жүргізеді. Олар: Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов пен Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов. Негізі әкімдер әлеуметтік желіде өзі отырып, сұрақтарға да өз атынан жауап беруі тиіс. Кейбір парақшада пресс релиз салынып тұр. Бұл дұрыс емес. Егер сұрақ көп болса, көмекке баспасөз хатшылары келеді. Сондықтан да семинарға баспасөз хатшысы мен басшылар қатар шақырылды. Қиындығы - әкім мен баспасөз хатшысы бір жазбаны шығару үшін 5-6 сағат келісем жасауы мүмкін. Жазба ресми емес, қарапайым тілмен жазылуы тиіс», - деді Ақерке Берлібай.

Әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов күніне 10-12 арыз, өтінішті қабылдап, бәріне өзі жауап береді. Әкім өзін ауданның пиарщигімен деп есептейді.

«Аудан жастарының өз отбасым, тұрмыс-тіршілігім туралы білгісі келетінін байқадым. Сол себептен аккаунтты қызметтік және жеке парақшам ретінде қолданамын. Әлеуметтік желі тек жаңалық жаршысы емес. Сондықтан ақын-жазушы, саясаткерлердің қанатты сөздерін жазып отырамын. Темір ауданының әкімі болып тағайындалған кезде жақсы жаңалықтармен бөлісе бастаған едім. Бір тұрғын «Темір ауданының пиарщигі» деп комментарий қалдырған. Осы көз қанат жайып кетті. Ия, мен Темір ауданының пиарщигімін. Оны жасырмаймын», - деді Жолдас Қалмағамбетов.