Ақтөбелік мұғалімдер құтқарушы қызметін атқаруда

0
823

Алғаш рет енгізіліп отырған мұндай іске алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің оқытушылары атсалысуда.


Ақтөбелік мұғалімдер құтқарушы қызметін атқаруда

ERNUR.KZ. Ақтөбенің жағажайларындағы құтқарушыларға мектеп мұғалімдері көмектесуде, деп жазады «Хабар 24».

Негізінен алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің оқытушылары кезекшілік атқарып жүр. Алғаш рет енгізіліп отырған мұндай тәжірибе суға шомылу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Әрі өңірдегі жағажайлардың бәріне бірдей кәсіби мамандар жетіспейді. Маусым басталғалы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде 130 мұғалім оқудан өтіп, сертификат алған. Бүгінге дейін судан құтқарылған 243 адамның 26-сын оқытушылар аман алып қалыпты. Жалпы, жыл басынан бері облыста 9 ақтөбелік суға батып кеткен.

– Оларды пайдаланып отырған себебіміз, олар осындай жекеменшік жағажайларда сол жерлердің мектеп оқушыларын, басқа да балаларын біледі және көріп жүрген оқушылар болғандықтан, сол жерде тиісті шарасын қабылдайды. Мұндай жағдайда біз алдағы уақытта да осындай іс-шараларға тартатын боламыз, - дейді Ақтөбе қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов.

№24 лингвистикалық мектеп гимназиясының мұғалімі Асан Қабекешов бір ай көлемінде жұмыс істеп жүргенін айтады.

– Осы аралықта көптеген нәрсе үйреніп, балалармен жұмыс істеп, мұнда суға кеткен екі адам құтқарған болатынмын. Біреуі қыз бала, біреуі ұл. Жұмыс өзіме қызықты, - деді ол.