Аквапаркке ас пен сусын алып кіруге шектеу қойған кәсіпкер жазаланды

0
1 110

Салынған айыппұлдың жалпы мөлшері 33 142 503 теңге


Аквапаркке ас пен сусын алып кіруге шектеу қойған кәсіпкер жазаланды

ERNUR.KZ. Елордада «Ailand» отбасылық демалу орталығына антимонополиялық заңнаманы бұзуына байланысты айыппұл салынды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Астанада «Ailand» отбасылық демалу орталығына қатысты антимонополиялық заңнаманың бұзылу жағдайы тіркелді. Тергеу қорытындысы негізінде тұтынушылардың құқығы қорғалды. Белгілі болғандай, «Ailand» отбасылық демалу орталығы демалушыларға өзінің аквапаркінің аумағына азық-түлік пен сусындарды алып кіруге шектеу қойған. Осы іс-әрекетімен бәсекені шектеп, өзінің жалға алушыларына басымдық бере отырып, тұтынушылардың құқығын шектеген», - дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, тауар нарықтарында монополияға қарсы заңнаманың бұзушылықтарын тергеп-тексеру бөлімінің басшысы Дастан Сәмен.

Оның айтуынша, нарықтың субъектісіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық ісі қозғалып, кейін тиісті шешім де шыққан.

«Іс қысқартылған тәртіпте өткізіліп, нарықтың субъектісіне 360 750 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен бірге, серіктестікке антимонополиялық заңнама нормаларын бұзуды тоқтату туралы талап қойылды. Осылайша, тұрғындар бұрынғыдай емес, тамағы мен сусынын әкеліп, аквапаркте демала алатын болды», - дейді ол.

Бөлім басшысы атап өткендей, 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында антимонополиялық заңнаманың бұзылуына қатысты 23 тергеу амалдары жүргізілген. Тергеу нәтижелері бойынша аталған аралықта монополиялық кірістің тәркіленуімен бірге, салынған айыппұлдың жалпы мөлшері 33 142 503 теңге құраған.