Ақындар айтысы ережесіне өзгеріс енгізілді

0
2 791

Ақындардың жұпты таңдауы және оларды бағалау жүйесінде жаңалық бар.


Ақындар айтысы ережесіне өзгеріс енгізілді

ERNUR.KZ. Ертең елордада өтетін «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты республикалық ақындар айтысына бірқатар жаңа ереже енгізілді. Бұл туралы Халықаралық жыршы-термешілер және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман Орталық коммуникациялар алаңында болған баспасөз конференциясында айтып берді, деп жазады Елорда Инфо.

«Бұл – Абайдың мерейтойына орай өткізілгелі отырған алғашқы айтыс. Халықтың көңілінен шығатындай әділетті өтуіне үлкен мән беріп отырмыз. Бұрынырақ айтыстағы ақындар жұбы алдын ала анықталатын. Яғни сөз бәйгесіне түспей тұрып ақындар өзінің кіммен айтысатынынан хабардар болатын. Бұл жолы ережені сәл өзгертіп, жұпты халықтың өзі таңдайтындай еттік. Он алты ақынның аты-жөні жазылған қағаз шардың ішіне салынады да, залдан кез келген көрермен шығып, жұптарды таңдайды. Сондай-ақ ұзын-сонар жаттанды айтысқа да жол бермейміз. Ақындар үш, төрт, бес шумақпен қайымдасып, жауаптасып айтысады», - деді ол.
Ақындардың бағалану жүйесінде де жаңалық бар. Нақтырақ айтсақ, ертеңгі айтыста қазылар алқасы қатысушыларға балл қоймайды.
«Бұрын ақындардың өнері 10, 9, 8 деген секілді ұпаймен бағаланатын. Енді қазылар алқасы бұлай балл көтеріп әуре болмайды. Әрқайсысының алдында қызыл және көк түсті екі түймешік орнатылады. Қай ақынға көк түймешіктер көбірек басылса, сол келесі кезеңге өтеді. Теңбе-тең түсу деген жоқ», - деді Жүрсін Ерман.