Ақжайық тұрғындары шетелдіктерді карантинге жатқызуға қарсы шықты

0
733

Індет жұқтырғандарды осы жерге жатқызса, қауіпті кесел ауа арқылы таралып, ауылымыз індет ошағына айналады деп алаңдайды.


Ақжайық тұрғындары шетелдіктерді карантинге жатқызуға қарсы шықты

ERNUR.KZ. Карантинге қарсы! Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауылының тұрғындары коронавирусқа байланысты дүрлігіп жатыр, деп жазады ktk.kz.

Олар шетелден келгендерді ауылдағы ауруханаға жатқызуға қарсы. Ал науқастарды оқшаулайтын арнайы орындар Теректі ауданында дайындала бастаған екен. Осыған алаңдаған жұрт жергілікті дәрігерлердің қауіпті кеселге қарсы тұра алмайтынын айтуда. Көңілі күпті тұрғындармен кездескен шенеуніктер карантинге шетелден келген облыс тұрғындары жатқызылады деп, сабырға шақыруға тырысты.

Ақжайық ауылының тұрғындары бұл жерге әдеттегідей әлеуметтік немесе тұрмыстық мәселесін айтуға жиналған жоқ. Барлығы да «бірінші байлық – денсаулық» деп, ертеңіне елеңдеп отыр. Өйткені аурухана жанынан «карантиндік орын дайындап жатыр» дегенді естігелі халықтан маза қашқан. Індет жұқтырғандарды осы жерге жатқызса, қауіпті кесел ауа арқылы таралып, ауылымыз індет ошағына айналады деп алаңдайды.

"Ауылдағы ауруханаға коронавирсупен ауыратындардың келуіне қарсы. 14 адамның ішіндегі біреуі ауру болып шығуы мүмкін. Сол себептен ауыл қарсылық білдіруде. Халық қорқады. Бала-шағасы үшін, ұрпақтарымыз үшін қорқамыз" - дейді Ақжайық ауылының тұрғыны Аян Бердәуітов.

Алайда ауыл халқымен кездесуге келген шенеуіктер «алаңдауға негіз жоқ» дейді. Бұл тек дайындық жұмыстары деп сендірді. Яғни, шетелді шарлап келген азаматтар 14 күнге карантинге жатқызылады. Ал олардан ауру белгілері байқалса, бірден Оралдағы инфекциялық ауруханаға алып кетеміз деп отыр.

«Бірақ кез келген жағдайға дайын болу үшін ауыл-аймақтағы ауруханалардан орын дайындап қою міндетіміз», - дейді шенеуніктер.

«Б» жоспарына сай, кез келген аурухана коронавирусқа қарсы тұруға дайын болуы шарт. Егер індет белгілері байқалса, оларды 180 орынға арналған Оралдағы ауруханаға жатқызамыз. Ал облыс бойынша 5000 карантиндік орын дайындаймыз. Оған үй жағдайында оқшаулауға болмайтын азаматтарды да жатқызуға болады" - дейді БҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау депратаментінің директоры Мұхамғали Арысбаев.

Үрейі ұшқан халықты екі сағат бойы сабырға шақырған шенеуіктер облыста індет жұқтырған азаматтардың тіркелмегенін айтты. Бірақ желтоқсан айынан бері 100-ден астам тұрғын карантиннен өткен екен. Ал қазір Қарашығанақта жұмыс істейтін 16 шетелдік үй жағдайында оқшауланған.

Десе де, дүрліккен жұрт: «Дерт дендесе, аядай ауылдағы дәрігерлер қауіпті кеселге қарсы тұра алмайды», - дейді. Сондықтан әр ауылда карантиндік орын ашуға үзілді-кесілді қарсы.