Алаяқтық жасаған екі басшыға ірі көлемде айыппұл салынды

0
1 029

Сотталғандар арнайы полиция шендерінен айырылды.


Алаяқтық жасаған екі басшыға ірі көлемде айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Ақтөбе қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары және Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бұрынғы бастығы алаяқтық үшін әртүрлі айыппұлдарға тартылды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті бұрын Ақтөбе қаласы Астана ауданының № 2 қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Е. Әнетбаевқа, осы бөлімнің аға жедел уәкілі, полиция капитаны А. Шолақовқа және осы бөлімнің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Е. Қалдыбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады», делінген хабарламада.

Аталған тұлғалар «А» азаматына қатысты қылмыстық істі қысқарту туралы өз құзыретіне кірмейтін мәселені шешу үшін алдау жолымен Д. Рыспағамбетовтен 300 мың теңге алған.

29 мамырда Ақтөбе қаласының № 2 сотында олар алаяқтық жасағаны үшін мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, Е. Әнетбаевқа - 2,9 млн теңге, А. Шолақовқа - 3 млн теңге және Е. Қалдыбаевқа - 2,5 млн теңге айыппұл салынды. Сотталғандар арнайы полиция шендерінен айырылды.

Бір күн кейінірек, 30 мамыр күні Павлодар қаласының №2 сотының үкімімен облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бұрынғы бастығы С. Ысқақов алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Ұлттық бюроның Павлодар облысы бойынша департаментінің сотқа дейінгі тергеу материалдарына сәйкес С. Ысқақов сауда үйінің өкілінен алдау жолымен 500 мың теңге алған. Ақша әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалды мамандандырылған экономикалық сотқа жібермеу туралы өзінің құзыретіне кірмейтін мәселені шешуі үшін алынған.

Ол алаяқтық жасағаны үшін мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ ол азаматтық қорғау подполковнигі арнайы шенінен айрылды.

Сот Е. Әнетбаевқа, А. Шолоховқа және Е. Қалдыбаевқа қатысты үкім заңды күшіне енген күннен бастап он бес тәулік ішінде, С. Ысқақовқа - бір ай ішінде айыппұл төлеу мерзімін белгіледі. Сот жазаланғандардың айыппұлдарын төлемеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылатыны түсіндірілді.