Алексей Цой «Нобел» компаниясымен меморандумға қол қойды

0
2 368

Министр «Нобел» компаниясы әлемдегі ең ірі фармацевтикалық өндірушілердің бірі екенін және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі екіжақты ынтымақтастыққа зор мән беретінін атап өтті.


Алексей Цой «Нобел» компаниясымен меморандумға қол қойды

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «Нобел» компаниясы дәрі-дәрмек өндірісі бойынша меморандумға қол қойды, деп жазады ҚазАқпарат.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Нобел Илач Санаи ве Тиджарет Аноним Ширкети» компаниясының өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді.

Оның барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен шетелдік инвестор арасында «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ базасында Қазақстан Республикасында дәрілік препараттар өндірісін құру бойынша инвестициялық жобаны іске асыру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

«Құжаттың мақсаты «СҚ-Фармация» ЖШС-мен жасалған дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарты шеңберінде Қазақстанда дәрілік препараттар өндірісін құру, «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ инвестициялық жобасын іске асыру», - деді А.Цой.

Министр «Нобел» компаниясы әлемдегі ең ірі фармацевтикалық өндірушілердің бірі екенін және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі екіжақты ынтымақтастыққа зор мән беретінін атап өтті.

ҚР-да дәрілік препараттар өндірісі бойынша аталған инвестициялық жоба 2025 жылға дейін іске асырылады деп жоспарланған. Оның шеңберінде 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

«Дәрілік препарат өндірісі ҚР экономикасына айтарлықтай үлес қосады. Бұл меморандум серіктестікке серпін беріп, қоғам денсаулығын нығайтуға сеп болады», - деді А.Цой.

«Нобел» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Хасан Улусой Қазақстан Үкіметінің қазіргі және болашақтағы инвестициялық жобаларға тартылған шетелдік компанияларға деген сеніміне алғысын білдірді.

«Инвестициялық жоба бойынша меморандум – бұл Қазақстанға деген сенімнің көрінісі. Жаңа өндіріс жоғары технологияларды пайдалана отырып, биотехнологиялық препараттар шығару жоспарланып отырған алғашқы өндірістік алаң болады»,- деді Хасан Улусой.

Айта кетейік, 2020 жылға арналған Бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ ұзақ мерзімді шарттар бойынша 15,8 млрд теңге сомасына дәрілік заттардың 91 атауын жеткізді. 2020 жылға «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ-дан сатып алудың жалпы сомасы 16,8 млрд теңгені құрайды. 2021 жылға жалпы сомасы 16,5 млрд теңгеге дәрілік заттардың 88 атауын жеткізуге ұзақ мерзімді шарттарға қосымша келісім жасалды.