​«Әлемі әдемі Әмина» - Халық әртісінің 100 жылдық мерейтойына орай ретро-фестиваль өткізіледі

0
2 759

Есімі ел есінде жатталған сахна саңлағының 100 жылдық мерейтойы биылғы жылы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда.


​«Әлемі әдемі Әмина» - Халық әртісінің 100 жылдық мерейтойына орай ретро-фестиваль өткізіледі

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың туған күні. Есімі ел есінде жатталған сахна саңлағының туғанына 100 жыл толуына орай ШҚО-да ретро-фестиваль өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

8 наурыз - Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың туған күні.


13 наурыз күні сағат 14.00 –де облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапханада Әмина апамыздың мерейтойына орай «Әлемі әдемі Әмина» атты ретро-фестиваль басталады.

Фестиваль бағдарламасында: Өнер колледжінің музыка аспаптар ансамблінің ретро - әуендерден попури орындауы, сервис колледжінің студенттерінің 60-шы жылдардағы ретро костюмдердің дефиле көрсетілімі.
«Әлемі әдемі Әмина» атты кітап көрмесі фестивальдың қатысушыларына ұсынылады. Көрменің виртуалды нұсқасымен кітапхана сайтында танысуға болады. Көрмеде актриса туралы өнер сыншыларының, әріптестерінің естеліктері, өмірі мен өнердегі өнегелі жолы айшықты суреттер,
Әминаның өнердегі жолы туралы кинофильмдерден бейнеролик көрсетіліп, викториналық сұрақтар ретро-фестиваль барысында ойналады.


Сағат 15.00-де Әмина Өмірзақованы еске алу кеші басталады. Кеште Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов «Әмина апайдың театрдағы баласы болдым» деп өз естелігімен бөліссе, өнердегі әріптесі Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекова театр мұражайындағы Әмина апаға қатысты жәдігерлер жайында бейне жолдау арқылы сыр шертпек.
«Тамшы» шығармашылық жастар ұйымы сахнада Әмина апамыздың сомдаған рольдеріне породия көрсетеді деп күтілуде. Облыстық драма театрының әртісі Гүлбақыт Бақтыбаева «Ана-Жер Ана» атты фильмінен Әмина апамыздың монологын оқып, «Шабыт» жастар театрының әртістері «Тақиялы періште» киносынан үзінді көрсету жоспарлануда.
Басқосуға студенттер мен мәдениет қызметкерлері, ұстаздар мен мектеп оқушылары, өнерсүйер қауымт.б шақырылып отыр. Кешке келген әр оқырман театр мен кино әлеміне саяхат жасап, ретро-әндерді тыңдай алады.
Қазақ өнерінің көгінде самғап, өз елін бүкіл әлемге айшықтаған Әмина Ерғожақызының жарқын бейнесі жаңғыра түсіп, өнер сүйер қауымға тамаша көңіл -күй сыйлайды.

Дереккөз: ШҚО Пушкин атындағы кітапхананың ресми сайты