Алматы әкімдігіне 13 млрд теңге не үшін бөлінді

0
901

2 млрд теңге "Сарыарқа" және "Достық" метро бекеттерін салуға жұмсалады.


Алматы әкімдігіне 13 млрд теңге не үшін бөлінді

ERNUR.KZ. 1 мамыр күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Алматы қаласын дамыту үшін республикалық бюджеттен 13 млрд теңге бөлуді тапсырды. Қаражат ағымдағы жылы күздігүні кезекті рет нақтыланып, бөлінетін болады, деп жазады Zakon.kz.

2 млрд теңге "Сарыарқа" және "Достық" метро бекеттерін салуға жұмсалады. Бұл дегеніміз жолаушылар тасымалын екі есеге көбейтіп, іргелес жатқан 12 шағын ауданның метроға қолжетімділігін арттырады деген сөз.

Жер асты көлігінің жайлылығы мен танымалдылығы соңғы екі жылда айтарлықтай өсті. Метро осыдан үш жыл бұрын күніне 27 мың жолашуы тасымалдаса, бүгінгі күні оның саны екі есеге артқан (50 мың). Осыған тағы екі су жаңа бекет қосылатын болса, онда метроның үлесі қалалық жолаушылар легінің 10% құрайтын болады. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен жаңа 8 жылжымалы құрам, 32 вагонды (қазіргі таңда Алматы метрополитенінде бас аяғы 7 құрам (28 вагон) бар) сатып алуға қаражат бөлініп, ақшасы төленіп қойған.

Сейфуллин-Жансүгіров, Рысқұлов-Емцов көшелірінің қиылысындағы жолайрықтар мен Абай даңғылының құрылысы үшін қажетті, сот шешімімен бекітілген жер телімдерін сатып алуға тағы 6 млрд теңге бөлінген. Сот шешімі бола тұра аталған мәселенің 2017-2018 жылдардан бастап созылуы меншік иелерінің наразылығын тудырып, олар сот үкімінің орындалуын талап етіп отыр.

Елбасының тағы бір маңызды тапсырмаларының бірі - шаһар төңірегін, қалаға қосылған аумақтарды дамыту мәселелерін жүзеге асыру болып табылады. Осыған орай соңғы 10 жыл ішінде Алатау ауданының дамуына 430 млрд теңге жұмсалды - 2,7 млн шаршы метр тұрғын үй, 12 мектеп пен осынша медициналық мекеме, 98 мемлекеттік және жеке меншік балабақша тұрғызылды, 30 мыңнан астам жұмыс орыны ашылып, жүйелер мен жолдар салынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау ауданының 10 шағын ауданындағы жолдардың құрылысын аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша 5.1 млрд теңге бөлуді тапсырды. Жергілікті бюджеттен ортақ қаржыландыру жұмыстары орындалып қойды. Саялы, Алғабас-АЗТМ, Ақбұлақ, Көк-Қайнар, Ұлжан-2, Қарасу мөлтек аудандарында құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.