Алматы қаласы Мақтаарал ауданына 70 тонна көмек жіберді

0
1 013

​Соның ішінде киім, төсек орындары, аса қажетті азық-түлік, гигиеналық құралдар, ұн және тағы басқа заттар жіберілді.


Алматы қаласы Мақтаарал ауданына 70 тонна көмек жіберді

ERNUR.KZ. Алматылықтар судан зардап шеккен Мақтаарал және Жетісай аудандарына 70 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы "Nur Otan" партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров айтты, деп жазады sputniknews.kz.

"Соның ішінде киім, төсек орындары, аса қажетті азық-түлік, гигиеналық құралдар, ұн және тағы басқа заттар жіберілді. Сонымен қатар, "Жас Отан" еріктілері эвакуациялық пунктер арқылы гуманитарлық көмекті тарату жұмыстарына қатысатын болады ", - деді Канкуров бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, осы жолы 10 ерікті аттанды. Ал Жеңіс күнінен кейін тағы бір топ еріктіні жіберу жоспарда бар.

"Қазір бізге өз еркімен келіп, ерікті боламын дейтін адамдар көп. Олардың ішінде 40 жастағы азаматтар да бар. Төтенше жағдай болғаннан кейін біз оларды алдымен оқытамыз, сосын көмекке жібереміз", - деп атап көрсетті Канкуров.

Осы орайда ол көмек жасаймын дейтін адамдарға қай жерге хабарласуға болатынын да айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, барлық қамқорлық "Жаңа Алатау" қоры арқылы жасалады.

Өзбекстанда бөгет бұзылды

Еске сала кетсек, 1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды.

Апат салдарынан көршілес Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалды. Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев судан зардап шеккендерге жаңа үйлер салынатынын хабарлады. Ал мемлекеттік комиссия әрбір тұрғынға 100 мың теңгеден төлеу туралы шешім қабылдады.