Алматы маңында пісіп тұрған арпаны жермен-жексен еткендердің видеосы тарады

0
378

Әлеуметтік желіде Алматы маңындағы егістіктердің бірінде пісіп тұрған егінді жермен-жексен еткен "Алматы су" МКК қызметкерлерінің видеосы тарады. Видеода олар бұл жерге егіннің заңсыз егілгенін, сол себепті құзырлы органдардың келісімен оны жою қажет екенін жеткізген.


Алматы маңында пісіп тұрған арпаны жермен-жексен еткендердің видеосы тарады

ERNUR.KZ. Аталған видео желіде қызу талқыланып жатыр. Халық пісіп тұрған егінді орып алуға мүмкіндік бермеген мекемеге шүйлігіп, өз наразылығын білдіруде, деп жазады Ulysmedia.kz.

Facebook әлеуметтік желісінде тараған видеодан өзін “Алматы су” мекемесінің Қауіпсіздік қызметінің басшысы Марат Тұрсынов деп таныстырған азамат қарамағындағыларға өсіп тұрған егінді жою туралы тапсырма беріп жатқанын көруге болады.

“Біз комиссия құрамымен бірге “Алматы су” мекемесінің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері бас директордың нұсқауымен осы участоктоғы заңсыз егілген арпаны жоюмен айналысатын боламыз. Жердің жалпы аумағы 5 гектар”, – дейді ол.

Алайда сондағы азаматтардың бірі оған қарсылық танытып, пісіп тұрған астықты жоюдан үзілді-кесілді бас тартқан.

“Кешке иесі орып аламын деп тұр ғой… Ондай күнәға бармаймын. Пісіп тұрған егінді таптай алмаймын”, – деп жауап берген сондағы қызметкерлердің бірі.

Аталған жайт желіде халықтың наразылығын тудыруда. Олардың көбі егінді еккен кісіге орып алуға уақыт бермегеніне наразы.

Видеоны бөліскендердің бірі актер Бақыт Тушаев “Алматы су” қызметкеркерлерін қатаң сынға алды.

“Былтыр Маңғыстау бір шөкім арпаға зар боп қалды. Тіршілік істейік десек жер жоқ. 1 гектар жерден 25 центнер арпа алады. Арпаның килограмы 150 теңге. Оны бес гектарға көбейтсең 1 850 000 теңгенің өнімі. Оған суғару жыртқызу ұрық егуін қоссаң жалпы 3 млн таза шығын. “Алматы су” арпа еккен адамның шығынын өтеп берсін. Дәннің киесі атсын сендерді”, – деп жазды ол.

Желіде тараған видеоға қатысты желіде аталған мекеменің ресми өкілі Серік Шағыров жауап берген.

“”Алматы Су” МКК Алматы облысының Іле ауданында орналасқан қалалық кәріз қалдықтары шөгетін санитарлық қорғау аймағында ауыл шаруашылығы дақылдарын заңсыз өсіру әрекеттерін жойды.
Қалалық кәріз жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылатын Алматы қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының тұнба алаңдарының аумағында егілген арпаны жою жұмыстары түрлі инфекциялардың өршуін, таралмауын болдырмау үшін заңды негізде жасалған.
Бұл аумақ - Алматы қаласының кәріз жүйесінен келіп түсетін сарқынды суларды тазарту процесінде пайда болған тұнба, шөгінділерді уақытша жинауға (кептіруге) ғана арналған”, – делінген жауапта.

Сонымен бірге, ол тұнба шөгінділерінде халық денсаулығы үшін қауіпті бірқатар химиялық және биологиялық элементтер бар екенін жазған. Айтуынша, бұл жайтқа қатысты жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылмақ.

“Атап айтқанда, кадмий, никель, мырыш, кобальт, мыс, марганец және т. б. секілді ауыр және басқа металдардың жоғары концентрациясы. Олар қаладағы және мегаполиске іргелес орналасқан елді мекендердің тұрмыс-тіршілігі мен өндірістік кәсіпорындардың қалдықтарын араластыру нәтижесінде пайда болады. Қорғалатын тұнба алаңдары болып табылатын санитариялық аймақтарда Қазақстан Республикасының заңнамасы шаруашылық қызметтің барлық түрлеріне, оның ішінде қандай да бір ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге және мал жаюға үзілді-кесілді тыйым салады.
«Алматы Су» МКК қаланың коммуналдық меншігіне кіретін жерлерді мақсатсыз пайдаланудың ашылған фактісін дұрыс түсіндірмеген жалған ақпараттың авторлары мен таратушыларын жауапкершілікке тарту үшін сот органдарына жүгіну құқығын өзіне қалдырады”, – деп жазды ол.