Алматы облысында 14 бала мас күйінде ұсталды

0
745

Түнде сыртта қараусыз жүрген 300-ден астам жасөспірім арасында үшінші сынып оқушысы да бар болып шықты.


Алматы облысында 14 бала мас күйінде ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары түнде ойын-сауық орындары мен көшелерге рейд жүргізді. Нәтижесінде кәмелетке толмаған 332 бала ұсталды, деп жазады sputniknews.kz.

Қазір жасөспірімдерді кафеге, түнгі және ойын клубтарына келушілер арасынан жиі кездестіруге болады. Ал Қазақстан заңына сәйкес балалар мен жасөспірімдер бұндай қоғамдық орындарға сағат 22.00-нан кейін ересектермен бірге ғана келе алады.

Полиция "Түнгі қаладағы балалар" шарасы барысында өңірдің барлық ірі елді мекендеріндегі 500-ден астам ойын-сауық орнын тексеріп шықты. Құқық қорғаушылар әсіресе Талдықорған мен Талғар ауданында түнде жасөспірімдердің көп жүргенін анықтап, оларды полиция бөлімшелеріне апарды.

"Екі тәуліктің өзінде 51 кәмелетке толмаған бала Талдықорған полициясына жеткізілді. Жалпы, облыс бойынша 332 жасөспірім ұсталды, олардың 14-і мас болған. Бөлімшеге әкелінгендер қатарында бірнеше қыз, тіпті үшінші сыныпта оқитын қыз бала да бар", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, олар әр баланы ата-анасына тапсырып, олармен де профилактикалық әңгімелесу жүргізген. Сондай-ақ, кейбір ата-анаға айыппұл салыпты.