Алматы облысында демалыс күндері толық локдаун енгізіледі

0
2 392

​Қазіргі уақытта өңір коронавирус инфекциясының таралуы бойынша "сары" аймақта тұр. Сондықтан демалыс күндері локдаун енгізіледі.


Алматы облысында демалыс күндері толық локдаун енгізіледі

ERNUR.KZ. Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты карантин шаралары күшейтіледі, деп жазады sputniknews.kz.


"Мектепке дейінгі мекемелердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің, діни ұйымдардың, қоғамдық моншалар мен көліктің жұмысы сағат кешкі 17.00-ге дейін, ойын-сауық нысандары мен мейрамханалардың жұмысы сағат 21.00-ге дейін шектелді. Демалыс күндері облыста толық локдаун енгізіледі", - делінген облыс әкімінің баспасөз қызметі жариялаған ақпаратта.


Өңір басшысы Амандық Баталовтың айтуынша, облыстың медициналық ұйымдары қажетті жабдықтармен және дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Инфекциялық стационардағы төсек саны 412-ге көбейтіліп, 1 550-ге жетті.

Өңірде карантиндік шараларды сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.

"Алматы қаласы мен облыс арасында халық көші-қонының жиілеуіне байланысты қала маңындағы Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында ауру деңгейінің біршама өсуі байқалады, бас санитарлық дәрігерлер шектеу шараларын күшейту жөнінде жекелеген қаулылар қабылдады", - делінген ақпаратта.

Айта кетсек, қазір Алматы облысы "сары" аймақта тұр. Ауруханаларда 685 адам ем қабылдап жатыр, 22-сінің жағдайы ауыр.

Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салу 30 жерде жүргізіледі, 6 883 адамға екпе жасалды.