Алматы облысында қаруланған қылмыстық топ ұсталды

0
930

Тәртіп сақшылары ұйымдасқан қылмыстық топты бірнеше ай бойы бақылаған. Оларды ұстау барысында қару мен ірі көлемде есірткі табылған.


Алматы облысында қаруланған қылмыстық топ ұсталды

ERNUR.KZ. Алматы облысының полиция департаменті арнайы операция барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады, деп жазады sputniknews.kz.

Тәртіп сақшылары операция Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының маңайында жүргізілгенін атап өтті.
"Полиция қызметкерлері Қорғас-Алматы тасжолында Volkswagen Golf көлігін тоқтатып, ондағы үш күдікті ер адамды қолға түсірді. Олар – 22-24 жастағы Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарының тұрғындары. Күдіктілерге пәтер және жеке үйге бірнеше рет ұрлыққа түсті деген айып тағылды", - делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Құзырлы орган қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың бір мүшесі бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын жеткізді.
"Полиция операцияға екі айдың ішінде дайындалып, жүзеге асырды. Күдіктілерді ұстау барысында көліктен он алты калибрлік аңшы мылтығы, пневматикалық тапанша және жолаушы отыратын орындықтың астынан шамамен екі келі марихуана табылды", - делінген хабарламада.
Көліктен табылған қару тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.
Полиция қылмыстық топ Алматы облысында өткен жылдың жазынан бері белсенді әрекет еткенін атап өтті. Олардың болжамынша, ұсталған жігіттердің ірі сегіз ұрлық фактісіне қатысы бар болуы мүмкін.
Қылмыстық топтың мүшелері үйден тек қымбат әшекейлер мен ақша ұрлаған.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы (ұрлық, есірткіні және қаруды заңсыз сақтау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.