Алматы облысындағы балабақшадағы шулы видеодан кейін тәрбиеші хабарсыз кеткен

0
1 257

Тәрбиеші сынақ мерзімінде жүрген.


Алматы облысындағы балабақшадағы шулы видеодан кейін тәрбиеші хабарсыз кеткен

ERNUR.KZ. Алматыда балабақшағы сәбиді түртпектеген тәрбиеші көмекшісі жауапқа тартылуы мүмкін. Әлеуметтік желіде тараған видеода ол бір жарым жасар бүлдіршінді ұйықтату үшін бетін шымшып, итергені анық көрінеді, деп жазады astanatv.kz.

Бұл оқиға Іле ауданының Байсерке ауылындағы жеке меншік балабақшада болған. Орталық меңгерушісі бұған дейін мұндай жағдай болмағанын айтады. Ал баланы ұрған тәрбиеші жұмысқа тұру үшін сынақ мерзімінде жүрген. Қазір бұл іспен прокуратура айналысып жатыр.

"Көмекші тәрбиешіні шақырып алып, не болды деп сұрасам: апай, мен ештеңе істеген жоқпын деді. Аман-сау қайтарғанын айтты. Ата-ананың бейнебақылауды көрейік дегеніне қарсы болған жоқпын. Екеуміз бірге отырып көрдік. Көрген кезде жаңағы жағдайды байқадым... Білмеймін енді", - деп түсіндірді "Ниет-ай" балабақшасының меңгерушісі Гүлфариза Қасымбекова.

Бірақ өзге ата-аналар балабақшаны ақтап отыр.

"Бұл меңгеруші үшін ғана емес, барлығымыз үшін сұмдық жағдай. Мен меңгерушіге, өзге тәрбиешілерге қолдау білдіру үшін келдім. Балаға қол көтерген қыз жайлы ештеңе айта алмаймын. Меніңше алда мұндай орталықтарда жұмыс істей алмауы үшін оны дипломынан айыру қажет", - дейді Байсерке ауылының тұрғыны Жанар Қасенова.

Баланы ұрды деген тәрбиеші көмекшісі 5 тамызда балабақшаға жұмысқа тұруға келген. Арада 10 күн өтсе де сынақ мерзімінде жүрген. Меңгеруші оның осыған дейін бірнеше балабақшада қызмет еткенін айтады. Қазір ол байланысқа шықпай отыр, дейді Іле ауданы білім бөлімінің мамандары. Ол бұл әрекеті үшін қоғамдық жұмысқа тартылуы не үлкен көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.

"Жекеменші балабақша болғандықтан біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Бірақ жеке кәсіпкерге бұндай жағдай қайталанбасын деген ұсыныс берілді. Айыппұл салынады ол кісіге", - деп атап өтті Алматы облысы іле ауданы білім бөлімінің бас маманы Арайлым Төлеубекова.

Бүгінгі күні бұл ауылда 23 балабақша жұмыс істейді, олардың 1-і ғана мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Оларды ешқандай шағым түспей шенеуніктердің тексеруге құқығы жоқ. Сондықтан мамандар ата-аналарға қырағылық танытуды және бақылау камераларынан үнемі қарап отыруды ұсынады.