Алматы облысындағы фермада сиырларды роботтар сауады

0
1 366

Құлтемір көмекшілер малға күтім жасап, денсаулықтарын да қадағалайды.


Алматы облысындағы фермада сиырларды роботтар сауады

ERNUR.KZ. Бүгінде цифрлық технологиялар арқылы көптеген саланың жұмысы жеңілдеп, өнімділік артып келеді, деп жазады 24.kz.

Мәселен, Алматы облысының Көксу ауданында робот сауыншылары бар тауарлы-сүт фермасының ашылғанына көп бола қойған жоқ. Құлтемір көмекшілер малға күтім жасап, денсаулықтарын да қадағалайды. Әдеттегі тауарлы-сүт фермаларынан айырмашылығы жер мен көктей бұл кешенге таңқалмасқа болмайды. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Жем беру де, шөп салу да автоматты жүйе арқылы атқарылады. Мұнда 400 бас сиыр бар. Бәрі асылтұқымды. Температура қалыпты. Қыста 15 градус жылы болса, жазда 30 градустан аспайды. Ерекше ысып кетсе, желдеткіш пен жаңбырлатып су шашатын қондырғы іске қосылады.

Рахым Кәрімов, тауарлы-сүт фермасының басшысы: Бір сиырдан 45 литр сүт сауамыз. Ең көп беретін бір сиыр бар, ол күніне 76 литр сүт береді. Жұмыстың бәрін роботтар жасар жатыр ғой. Екі оператор қарап тұрады, жұмысты бақылайды.

Ферма мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Биыл тағы 200 сиырға арналған екінші кешен салынады. Сол кезде ферма жыл сайын 2,5 миллион литрден астам сүт сауатын мүмкіндікке ие болмақ. Ауданда асылтұқымды сауын сиырларды көбейту жұмыстары нәтижелі жүруде. Алдағы уақытта әрқайсысы 100 бастық 2 ферма салынады. Алғашқысының құрылысы биыл басталады.

Ержан Шалқыбеков, Көксу ауданы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы: Аудан бойынша 5 тауарлы-сүт фермамыз бар. Ол жерде 800 бас сиыр сауылып отыр. Әр сиырға орташа 20-25 литрден шығады.

Қазір Жетісу өңірінде 70 тауарлы-сүт фермасы тұрақты өнім беріп тұр. Үстіміздегі жылы жаңадан 7 ферма салынып, жұмыстарын бастайды. Ал 2022 жылға дейін тағы 14 тауарлы-сүт фермасы қатарға қосылады. Олардағы сауын сиырлар 5 мың басқа жетеді. Сөйтіп аймақты сүтпен 100 процент қамтуға мүмкіндік туады.