Алматы облысының тұрғыны әжетханаға барамын деп әкімнің орынбасарынан таяқ жеді

0
976

Атқамінер мен ауыл тұрғының арасындағы жан-жал дәл Көктал ауылдық округі әкімдігі ғимаратының маңында болған.


Алматы облысының тұрғыны әжетханаға барамын деп әкімнің орынбасарынан таяқ жеді

ERNUR.KZ. Алматы облысының тұрғыны әжетxанаға барамын деп әкім орынбасарынан таяқ жегенін айтады Әкімдіктің әжетxанасына барамын деп ауруxанадан бір-ақ шықты. Алматы облысы Көктал ауылының тұрғыны өзін әкім орынбасары соққыға жықты деп шағымданды, деп жазады ktk.kz.

Шенеуніктен таяқ жеп бір аптадан бері ауруxана төсегіне таңылған ол тамақ ішуден де қалдым дейді. Өйткені, жабық ми жарақатынан бөлек, тістері үгітіліп, жақ сүйегі сынған. Ал дәрет қысқан азаматты аяусыз сабаған атқамінерге қатысты қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Атқамінер мен ауыл тұрғының арасындағы жан-жал дәл Көктал ауылдық округі әкімдігі ғимаратының маңында болған. Алматыға жол жүріп бара жатқан Дәурен әкімдік әжетxанасына кірмек болыпты. Өйткені, жақын жерде дәрет сындыратын басқа жер болмаған. Алайда, ғимараттың артқы есігінен шыққан әкім орынбасары әй-шәй жоқ жағама жармасып, соққыға жығыпты.

«Тура осы жерде талып жаттым. Осы жерде барлық тістерім түсті. Аяқпен де ұрды, тепкіледі. Бір есеңгіреп, талып ояндым. Сосын інілерім келіп мені ажыратып алып кетті» - дейді жәбірленуші.

Зардап шегуші бұған дейін әкімдіктегілермен еш аразаспағанын айтады. Десе де Дәуреннің әкпесі бірнеше мәрте жергілікті басшыларға арыз-шағым айтып барған екен. Өйткені осыдан екі жыл бұрынғы тасқында үйлерін су шайып кеткен. Содан бері құлағалы тұрған баспанасына уәде етілген жөндеу әлі күнге жүргізілмеген. Қанша шағым түсірсе де, жергілікті биліктен қайыр болмаған. Інімнің таяқ жеуіне дәл осы жағдай түрткі болуы мүмкін дейді Дәуреннің әпкесі. Ал жұдырығы жуан әкім орынбасары кешірім сұрау былай тұрсын жәбірленушінің жағдайын білуге де жарамапты.

«Менімен ешқандай байланысқа шыққан жоқ. Үйге полиция қызметкерлерін жіберіпті. Батырбектің ақшасы бар. Ақша берейік деп бізді мазалайды. Сотқа жібермейік деп екі-үш рет келді. Әкім орынбасарының заң алдында жауап бергенін қалаймын» - деп баяндайды Дәуреннің әпкесі.

Дәуренді Панфилов аудандық орталық ауруxанасынан бүгін ғана шығарды. Жағы мен тістері сынғандықтан ел қатарлы тамақ ішуден қалыпты. Ал аузына салынған темірлер тіпті сөйлеуіне кедергі келтіруде. Енді толықтай жазылып кетуі үшін кемінде 2-3 ай ем алуы қажет дейді дәрігерлер.

«Түскен кездегі жарақаты: бас ми жабық жарақаты, төменгі жақ сүйегінің сынуы. Тістерінің босап түсуі. 12-19 күндері аралығында емін алды. Келген кездегі жағдайы орташа ауырлықта. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Ары қарай емін амбулаторлық деңгейде стомотологта жалғастырады», деді Панфилов аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Жомарт Нұраханов.

Жанжал кезінде оқиға орнында Дәурен мен әкім орынбасарынан өзге ешкім болмапты. Кейіннен қалаға шығарып салуға артынан келген інісі мен достары көріп, ажыратып алған. Ең қызығы әкімдіктегі бейнебақылау камералары істемейтін болып шықты. Ал әкім орынбасарының өз уәжі бар. Ешкімге тырнағымды тигізбедім деген Батырбек Қадырбаев маған жала жабылып отыр деп ақталуда.

«Төбелескен. Сол жердегі әйелдерді ұрған. Қолында пышағы бар бері қарай қашып мына жерге кірген. Маманды бір қойған. Ажыраттық. Бұл жігітті ешкім ұрған жоқ. Дәретханаға келген жоқ. Факт сол біздің маманды ұрып отыр. Таза киіммен болғасын итердік. Ашуынды бас дедік. Қызу адам болғасын өте ашулы жүрді», деп ақталуда Көктал ауылдық округі әкімінің орынбасары Батырбек Қадырбаев.

Әзірге әкім орынбасары өз жұмысын жалғастырып жатыр. Болған оқиғаға байланысты қазір тергеу жұмыстары басталды. Жауаптылар 2 аптаның ішінде тергеуді аяқтап, істі сотқа жібереміз деп отыр. Жанжалға қатысты бұл істің нақты нүктесі сотта қойылатын болады.