Алматы онлайн санақтан өткендер саны бойынша алға шықты

0
311

Алғашқы жеті күннің қорытындысымен Алматы алға шықты.


Алматы онлайн санақтан өткендер саны бойынша алға шықты

ERNUR.KZ. 8 қыркүйек сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 662850 респондент онлайн санақтан өтті. Бір тәулік ішінде 209 мыңнан аса адам санақ сауалдарына жауап берген, деп жазады baq.kz.

Осылайша тәуліктік рекорд жаңарып отыр. 570251 адам sanaq.gov.kz сайтында, 71387 Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 21212 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

"Алғашқы жеті күннің қорытындысымен Алматы алға шықты. Мұнда 88595 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 87275 адам Нұр-Сұлтанда тіркелген. Үздік үштікті Алматы облысы түйіндеді. Мұнда 62392 адам санақ сауалдарына жауап берді", - делінген хабарламада.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Түркістан және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 10345 және 6667 адам санақтан өтіпті.

Әлеуметтік желілерде «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?» деген сауал төңірегінде пікірталас өрбуде. Атап өтерлігі, аталған сұрақ Еуропалық статистиктер конференциясының ұсынысымен қосылған болатын.

Әйелдердің тірі туған балалары жөніндегі сауал соңғы 50 жыл ішінде Халық санағын өткізу кезенде кеңінен қолданылып келген. Бұл сұрақ демографиялық зерттеу үшін де ұдайы қойылады.

2021 жылы тірі туған балалар жөніндегі сауалдар дүниеге келген сәбилердің жынысы мен санақ өткізгенге дейінгі соңғы туған нәрестенің туған күнін анықтауға арналған нақтылаушы сұрақтармен толықты. Оларға берілген жауап кейін нәресте өлімі көрсеткішін баланың жынысына қарай терең талдауға қолданылады.

Тірі туған балалар туралы сауал салу туу көрсеткіші туралы маңызды деректерді алуға жол ашады. Көп жағдайда мұндай мәліметті басқа жерден, тіпті азаматтық хал-ахуал жағдайын тіркеу жүйесі дамыған болса да алу мүмкін болмайды. Атап өтерлігі, бұл сұраққа тек қана репродуктивті жастағы әйелдер ғана жауап бермейді. Алынған мәліметтер әр кезеңдегі туу және нәрестелер мен балалар өлімі тенденциясын салыстыру және бағалау үшін қажет.

Халық санағы нәтижесінде жиналған ақпарат әдетте халықтың табиғи қозғалысын тіркеу базасындағы мәліметтерден әлдеқайда нақты әрі толыққанды болады.

Сондай-ақ алынған нәтижелер БАҚ тарапынан мол сұранысқа ие екенін атап өткіміз келеді. Себебі нәрестелер мен балалар өлімінің көрсеткіші, оның кезең-кезеңмен өзгеруі туралы мәліметтерге тұрғындар үлкен қызығушылық танытады.

"Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауал бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Қазақстанда әркім маңызды!", - деп атап өтті ведомство баспасөз қызметі.