Алматы-Талдықорған тасжолындағы оқиға желіні шулатты (видео)

0
999

Серік Үпиев тәртіп сақшылары мен жүргізуші арасындағы түсінбестікке қатысты тиісті тексеру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті.


Алматы-Талдықорған тасжолындағы оқиға желіні шулатты  (видео)

ERNUR.KZ. Алматы-Талдықорған тасжолында көлік жүргізуші жол жиегінде тұрған полиция қызметкерлеріне шүйлігіп, «Крис П» фоторадар кешенін алып тастауды талап етті. Өз әрекетін камераға түсіріп отырған азаматтың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кетті, деп жазады ҚазАқпарат.

Көлік жүргізушісінің айтуынша, полицейлер «Крис П» қондырғысын Алматы-Талдықорған тас жолының Сарыөзек ауылынан кейінгі тұсына орнатқан. Тәртіп сақшыларына өздерін таныстыруды талап еткен ол, фоторадар кешенін орнату себебін түсіндіруді сұраған.

«Егер радар жайдан-жай тұрған болса, онда мен оны алып кетуіме бола ма?» деп сұрады ол.

Алайда, өз әрекетін түсіндіре алмаған құқық қорғаушылар жүргізушінің талабын орындап, «Крис П» құралын қызметтік көліктің жүксалғышына салуға мәжбүр болған. Бұл оқиғаны Алматы облыстық полиция департаменті өз бақылауына алды.

Департаменттің баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиевтің айтуынша, «Крис П» жылжымалы фото-радар кешені жол бойындағы әртүрлі заңбұзушылықтарды анықтау мақсатында қойылған.

«Ол, ең алдымен, автожолдың сол учаскесіндегі жылдамдық тәртібін бұзу фактілерін анықтайды. Аталған құрылғының тиісті құжаттары, яғни сертификаттары бар», - дейді баспасөз қызметінің өкілі.

Сондай-ақ, Серік Үпиев тәртіп сақшылары мен жүргізуші арасындағы түсінбестікке қатысты тиісті тексеру жұмыстары жүріп жатқанын атап өтіп, тексеру қорытындысы бойынша жағдайға құқықтық баға берілетінін тілге тиек етті.