​Алматыда 300-ден астам адамды кене шағып ауруханаға жүгінді

0
4 617

Табиғатта кенелер наурыздан қазанға дейін белсенді түрде көбейеді.


​Алматыда 300-ден астам адамды кене шағып ауруханаға жүгінді

ERNUR.KZ. Үндістанда кене шаққан әйел Алматыда кене энцефалиті диагнозымен ауруханаға түсті, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің бөлім басшысы Әнел Мұсаева айтты. Оның сөзінше, Алматыда наурыздан бастап кене шаққан 314 адам ауруханаға жүгінген. Оның 158-і - 14 жасқа дейінгі балалар.

«Науқастардың барлығы кенеге қарсы иммуноглобулин алды. Сәуірде шетелден келген бір адамның кене энцефалитін жұқтырып келгені анықталды. Шымкенттік әйелді Үндістанда кене шаққан. Медициналық көмек алмаған. Қазір әйел Алматыдағы ауруханада емделіп жатыр», - деді департаменттің бөлім басшысы Әнел Мұсаева. Департамент өкілдерінің айтуынша, кене энцефалитінің адын алу мақсатында әрі кенелердің санын азайту үшін қалада екі мәрте зарарсыздандыру жүргізіледі.

«Биыл 1 сәуірден бастап 2354,17 га аумақта кенеге қарсы зарарсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі жүргізілді. 8 орманды саябақ, 121 қала паркі өңделеді. Бірінші кезеңде 1295,26 га аумақ өңделді», - деді Әнел Мұсаева.

Табиғатта кенелер наурыздан қазанға дейін белсенді түрде көбейеді. Оларға +18-20 градус температура мен 80 пайыз ылғал ыңғайлы. Мамандар осы уақыт аралығында табиғат аясына шығатын адамдар мен туристерге бірнеше қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Табиғат аясында бірқалыпты киім киіп, киімнің балағын етіктің ішіне салып жүру керек. Киімнің жеңдері білекті қысып тұруы тиіс. Ал басқа орамал тағып жүрген жөн. Шөпке отыруға, жатуға болмайды.

Кене шаққан жағдайда 3 тәулік ішінде дәрігерлерге қаралу қажет.