Алматыда балабақшадан бала ұрламақ болған әйелдің кім екені әлі анықталмады

0
838

Аталған оқиғадан кейін Алматыдағы барлық балабақшаларға мұқият болу керектігі ескертілді.


Алматыда балабақшадан бала ұрламақ болған әйелдің кім екені әлі анықталмады

ERNUR.KZ. Алматыдағы Медеу ауданында орналасқан №96 балабақшадан бүлдіршінді ұрлап кетпек болған әйелдің кім екені әлі анықталған жоқ, деп жазады «Хабар 24».

«Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. Тәрбиеші Айжан Бекеннің айтуынша, күдікті ұзын көйлек, үлкен қалпақ пен көзәйнекте болған. Бетін көрсетпеуге тырысқан ол өзін Айнұрмын деп таныстырған. Әзірге аты-жөні белгісіз әйел тәрбиешіге «баланың туысқанымын, әке-шешесі алып кел деп айтты» деген. Айжан баланың ата-анасына телефон соғып білейін деген кезде күдікті ізін суытқан.

- Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда бұл тергеу тобының іс-әрекеттері қылмысты ашуға және кінәліні анықтап, оларды ұстауға бағытталып отыр. Енді толық мән-жайы, себеп-салдары және басқа да деректер соталды тергеу барысында анықталатын болады, - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Осы жайттан кейін Алматыдағы барлық балабақшаларға мұқият болу керектігі ескертілді. Ережеге сай балалар тек ата-анасына беріледі. Немесе нотариуспен бекітілген қолхатта көрсетілген азаматтар ғана ала алады.