Алматыда балалардың жаппай пневмонияға шалдығып жатқаны рас па

0
607

Соңғы бірнеше күнде мессенджерлерде аудио хабарламалар таралуда.


Алматыда балалардың жаппай пневмонияға шалдығып жатқаны рас па

ERNUR.KZ. Алматыдағы балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин балалардың жаппай пневмонияның ауыр түріне шалдығуы туралы мессенджерлерде тараған ақпаратқа пікір білдірді деп жазады kaz.nur.kz.

Соңғы бірнеше күнде мессенджерлерде аудио хабарламалар таралуда, онда балалардың жаппай пневмонияға шалдығып жатқаны айтылған.

Желіде тараған мәліметке сәйкес, балалар өкпесінің 60 пайызы зақымдануда. Аталған аурудың Алматыда кең таралып жатқаны да хабарланған.

Осы орайда Алматыдағы балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин аталған хабарламаларға қатысты пікір білдірді.


"Қазақстанда пандемияның алғашқы күндерінен бастап біз коронавирус жұқтырған балаларды қабылдап жатырмыз. Осы уақыт ішінде 239 бала емделіп шықты, қазіргі уақытта 9 бала стационарда жатыр. Егер бұрын 15 жасқа дейінгі балалар туралы айтсақ, қазір мәселе 18 жасқа дейінгі балаларға қатысты. Жалпы, балалардың 30 пайызында пневмония анықталды", – дейді дәрігер.


Ержан Сералинның айтуынша, балалардан пневмонияның ауыр түрі анықталмаған. Жансақтау бөліміне жатқызу жағдайы да болмаған. Негізінде, өкпе тіндерінің 5-10 пайызынан аспайтын бөлігінің зақымдануы кездеседі. Жалпы, балалардың ауруы жеңіл өтеді.


"Барлық балалар хаттамаға сәйкес ем алуда. Бастапқыда біз вирусқа қарсы терапия өткізетінбіз, қазір олай жасалмайды.

Емдеу шаралары детоксикация терапиясына негізделген және бактерияға қарсы емдеу ең аз уыттылығы бар қайталама инфекциялар тіркелген кезде ғана қолданылады", – дейді дәрігер.


Ержан Сералин сәулелену әсері жоғары болғандықтан, балаларға компьютерлік томография сирек қолданылатынын, оның орнына рентгенография жасалатанын атап өтті.