​Алматыда дәрігерді атып өлтірген күдіктінің анасы алғаш рет мәлімдеме жасады

0
493

Күйзелістің соңы қылмысқа әкелді.


​Алматыда дәрігерді атып өлтірген күдіктінің анасы алғаш рет мәлімдеме жасады

Алматылық дәрігер Юрий Шумковты емделушісінің не үшін атып өлтіргені белгілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Алматыдағы дәрігер Юрий Шумковты атып өлтірген күдіктінің анасы алғаш рет мәлімдеме жасады. Айтуынша, ұлының іш құрылысын тексеру үшін зонд тыққанда кеңірдегіндегі шеміршегін сындырып жіберген. Сол жарақаттан нәр тата алмай қалған жігіттің жағдайы күннен-күнге нашарлапты.

Ақпанда гастроэнтеролог Юрий Шумковтың қабылдауына жазылғанда Нұржанның тұрпаты зіңгіттей болған. Анасының айтуынша, асқазанын тексеру үшін наркозбен зонд өткізгенде кеңірдектегі шеміршегі сынып, екі айдың ішінде 95-тен 64 келі салмаққа бірақ түскен. Анасы тамақ іше алмай құр сүлдері қалған жігіт дәрігер қатесін мойындамай, теріс айналғаннан осындай қылмысқа барғанын айтады.
"Кейін барды, менсіз барды, келінмен. Сол кезде барып айтса, салқын шығарып салыпты, тыңдамай. Өйткені барлық жерге барып қаралғанда ешқандай дәрігер алатынын алып, қараларын қаралып алғаннан кейін, тіпті бұдан қаша бастады. Еш жазылмағаннан кейін олар ешқандай диагноз қойылмағаннан кейін қаша бастады", - дейді күдіктінің анасы Бақыт.

"Қолымен істегенді мойнымен көтереді" деген анасы Нұржан сотқа жетпей өліп кете ме деп сары уайымға салынған. Тергеу изоляторында жағдайы күрт нашарлап кетіпті. Қағаз жүзінде "денсаулығы қалыпты" дегендердің сөзіне күдікпен қарайды.

"Зілтемірмен әкеліп жолықтырады. Не тұра алмайды, не жүре алмайды, не тамақ іше алмайды. Дәретін, құсқан құсықтарының бәрін жанындағы адамдар төгіп қарап жатыр. Ал дәрігер қарайды дегені, олар қағаз жүзінде ғана қарап жатыр. Негізінде, балаға ешқандай ем қолданып жатқан жоқ. Себебі, дәрігерді өлтірдің дегендей балама қарамай жатыр", - дейді күдіктінің анасы.

35 жастағы күдікті Нұржан үш баланың әкесі. Жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Осыған дейін істі болмаған. Түрмеге отырса да, "о дүниеге аттанып кетпесін" деп шырылдаған ана жалғыз ұлының нақақтан-нақақ қараусыз өліп кетпегенін қалайды. Күдіктінің анасы Бақыт кешірім сұрады.

"Құрметті Қазақстан халқы, 19 миллион халықтың алдында кешірім сұраймын. Баламның қылығына. Қайтыс болған дәрігердің отбасынан, туыстарынан басымды иіп кешірім сұраймын, бізді кешірсін!" - дейді күдіктінің анасы.