Алматыда газ тасымалдайтын 10 тонналық көлік жарылудан әзер аман қалды

0
963

Жолай өтіп бара жатқан 4-5 автокөлік тоқтап, олардың жүргізушілері тілсіз жауды ауыздықтауға көмектескен.


Алматыда газ тасымалдайтын 10 тонналық көлік жарылудан әзер аман қалды

ERNUR.KZ. Алматының Бостандық ауданында газ таситын көлік жарыла жазады, деп жазады ҚазАқпарат.

2 қаңтар сағат 15:20-де «101» қызметіне Ә. Кекілбайұлы көшесінде бензин таситын көліктің өртенгені туралы хабар келіп түсті.

«Оқиға орнына жақын маңдағы өрт сөндірушілер жөнелтілді. Бұл уақытта газ тасымалдайтын көліктің жүргізушісі, 1976 жылы туған Оңғарбек Оспанов асып-саспай, жалынды өз күшімен сөндіріп жатқан. Куәгерлердің айтуынша, жолай өтіп бара жатқан 4-5 автокөлік тоқтап, олардың жүргізушілері тілсіз жауды ауыздықтауға көмектескен», - деп мәлім етті төтенше жағдайлар департаментінен.


7 минутта келіп жеткен өрт сөндірушілер цистернаны газбен салқындатуға кірісті. Жүк көлігі иесінің және көмекке ұмтылған басқа да жүргізушілердің батыл әрі шебер әрекетінің арқасында 10 тонналық ауыр жүк көлігі жарылудан аман қалды.

Оспанов өрт сөндірушілерге жолда келе жатқанда-ақ аспаптар панелі қателікті көрсеткенін айтты. Бір жамандықтың болатынын сезген Оңғарбек тоқтап, газ тасымалдайтын көліктің кабинасының астынан бұрқырап шығып жатқан түтінді көрген. Ол тез арада аккумуляторды өшіріп, кабинаны көтереді де, көліктің жанып жатқан жерін сөндіруге кіріседі.


«Өрт сөндірушілер келем дегенше тағы бір жерден от тұтанған. Екінші өрт сөндіргіш құралды қолдануға тура келді. Қызыл жалын толық сөндірілді. Кейін анықталғандай, машинаның мотор бөлімі қысқа тұйықталып, 0,5 шаршы метр аумақта өрт тұтанған», - деп түсіндірді ведомстводан.