Алматыда полицейлер күштеп ұстаған жүгері сатушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды

0
515

Желі қолданушылары Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағының кіреберісінде ер адамды ұстау әрекетіне наразылығын жеткізгені хабарланған.


Алматыда полицейлер күштеп ұстаған жүгері сатушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды

ERNUR.KZ. Кеше Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында ұсталған жүгері сатушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ер адам кезекті рет заңсыз сауда жасағаны үшін сотталады, деп жазады Stan.kz.

Полиция департаментінің мәліметінше, сатушы бастапқыда рұқсат етілмеген жерде стихиялық сауданы ұйымдастырғаны және полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бірақ ер адам қайтадан тыйым салынған жерде сауда жасаған. Енді оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.

"102 пультіне Дулати көшесіндегі заңсыз сауда-саттық туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына учаскелік инспектор келді. Азаматтардың хабарламасы расталды. Әкімшілік хаттаманы жасауға тырысқанда, ер адам полиция қызметкеріне физикалық қарсылық көрсетіп, оған дене жарақатын тигізді. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді", - деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы подполковник Дәурен Өтебаев.

Аталған факті Қылмыстық кодекстің "Билік өкіліне қатысты өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

Бұған дейін желі қолданушылары Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағының кіреберісінде ер адамды ұстау әрекетіне наразылығын жеткізгені хабарланған.