Алматыда сатылмай қалған зымыран қозғалтқыштары қорғаныс министрлігі арқылы жойылады

0
520

Алматылық шенеуніктер сербиялық өндірістен шыққан зымыран қозғалтқыштарын сатып жібермек болған, бірақ сауда-саттық өтпеді.


Алматыда сатылмай қалған зымыран қозғалтқыштары қорғаныс министрлігі арқылы жойылады

ERNUR.KZ. Құны 11,1 млн теңгеге бағаланған сербиялық өндірістің зымыран қозғалтқыштары Қазақстанның қорғаныс министрлігі арқылы жойылады, деп жазады Sputnik.kz.kz.

Бұған дейін Алматының мемлекеттік активтер басқармасы сербиялық "EdeProd.o.o" компаниясы шығарған 10 G-0001 зымыран қозғалтқышын сатылымға қойды. Олардың құны 11,1 млн теңгеге бағаланған.

Лот мемлекеттік мүліктің электронды сауда сайтында жарияланды. Қозғалтқыштар жарылғыш затқа жатқызылады. Олар 2018 жылы шығарылған, ұшу қашықтығы 40,2 шақырымды құрайды. Сауда-саттық 5 шілде өтуге тиіс еді, бірақ ешкім қатысуға өтінім бермегендіктен өткен жоқ.
Белгілі болғандай, Алматының авиациялық көлік прокуратурасы "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ның уақытша сақтау қоймасында сақталған жалпы салмағы 783 келі 10 зымыран қозғалтқышты иесіз деп тану және мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап-арыз берген.
Осы жылдың 21 қаңтарында Түрксіб аудандық соты талап-арызды қанағаттандырды.
4 сәуірде Алматының әділет департаменті зымыран қозғалтқыштарды кіріске айналдыру туралы атқарушы өндіріс қозғады. 14 сәуірде мемлекеттік активтер басқармасына әділет департаментінен 10 зымыран қозғалтқышты орындау қағазына сәйкес қабылдағаны туралы хабарлама келіп түсті.
"15 маусымда зымыран қозғалтқыштарын беру және мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына бекіту бойынша сауда-саттық жарияланды. Жеке тұлғалар саудаға қатыса алмайды. 2022 жылғы 5 шілдеде сауда-саттық өткен жоқ. Ешқандай өтінім түспеген. Зымыран қозғалтқыштары пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру ережелеріне сәйкес қорғаныс министрлігі арқылы жойылады", - деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.
Айта кетері, 17 мамырда зымыран қозғалтқыштарына тәуелсіз бағалау жүргізілді. Олардың құны 11 млн 150 мың теңгеге бағаланды.