Алматыда Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды

0
2 506

Алматыда талантты актер, дарынды режиссер Шәкен Аймановтың құрметіне орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды


Алматыда Шәкен Аймановтың ескерткіші ашылды

ERNUR.KZ. Бүгін Алматыда талантты актер, дарынды режиссер Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың құрметіне орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды, деп жазады baq.kz.

Ескерткіш қала орталығындағы «Алматы» қонақүйінің жанына орналастырылды. Мүсінші Шәкен Аймановтың орындықта дем алып отырған бейнесін әдемі жеткізе білген.

Салатанатты жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек, әнші Бибігүл Төлегенова, актер Асанәлі Әшімов және ақын Олжас Сүлейменов келді.
Қала әкімі жиналған қауымды ескерткіштің ашылуымен құттықтай келе, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында елге еңбегі сіңген атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі ретінде дәріптеу үшін ескерткіш-мүсіндер орнату қажеттігін атап көрсеткендігін жеткізді.

«Соңғы жылдардың өзінде Елбасы тапсырмасымен қаламызда ел тарихынан сыр шертетін 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына және Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюда қаза болғандарға, көрнекті қазақ энергетигі Шапық Шокинге ескерткіш ашылып, елімізге еңбегі сіңген 60-тан астам тұлғаның тұрған үйлеріне тақта орнатылды. Ал алдағы уақытта Төлеген мен Қыз жібекке, Шәмші Қалдаяқовқа және Балуан Шолаққа ескерткіш орнату жоспарланған. Ал бүгін ашылып отырған Шәкен Айманов ескерткіші де Елбасының осы тапсырмасының орындалуының бірден-бір көрінісі, халқымыздың даңқты өнер майталманына көрсетілген құрмет», - деді Бауыржан Байбек.

Ескерткіштің авторы белгілі мүсінші Нұрлан Далбай. Ол Республика алаңында тұрған Тәуелсіздік монументінің, Әбілхан Қастеевтің, Бауыржан Момоышұлының ескерткіштерінің авторы. Сонымен қатар «Астана Групп» компаниясының президенті, белгілі меценат Нұрлан Смағұлов демеушілік еткен.

Алматы қаласында КСРО халық әртісі Шәкен Айманов тұрған үйге, «Қазақфильм» киностудиясы ғимаратына 1971 жылы ескерткіш тақта орнатылып, 1972 жылы есімі қала орталығындағы көшеге берілген. 1984 жылдан «Қазақфильм» киностудиясы Шәкен Айманов есімімен аталады. Киностудия аумағына мрамор бюсті қойылып, Шәкен Айманов музей-кабинеті ашылған.