Алматыда түнде құмар ойын ойнаған зейнеткерлер ұсталды

0
1 093

15 маусымнан бастап қалада ойын-сауық нысандарының жұмысы тоқтатылған болатын.


Алматыда түнде құмар ойын ойнаған зейнеткерлер ұсталды

ERNUR.KZ. Алматыда карантин кезінде компьютер орталықтарының бірінде зейнеткерлер құмар ойын ойнап отырған жерінен ұсталды. Түнгі уақытта 60-тан асқан егде тұрғындар санитарлық талаптар сақталмаған ғимаратта ішімдік ішіп, ақшаға бәс тіккен. Бұл жағдай арнайы монитринг тобы жүргізген кезекті рейд барысында анықталды, деп жазады Almaty.tv.

Естеріңізге салсақ, 15 маусымнан бастап Алматыда ойын-сауық нысандары жұмысының тоқтатылуы туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шыққан болатын.

Алматыда карантин шараларының күшеюіне байланысты барлық ойын-сауық орталықтары қызметін тоқтатқан. Десе де, арнайы мониторингтік топтың кезекті тексерісінде Алмалы ауданында орналасқан компьютер орталығының әлі де жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Ал келушілерде ешқандай маска жоқ, арақашықтық тіпті сақталмаған. Рейд барысында нысан иесі төбесін көрсетпегендіктен, айыппұл салу мүмкін болмады. Бірақ, тәртіп сақшылары біраз келушілерді және әкімшіні жағдай анықталғанға дейін жергілікті учаскеге алып кетті.

«Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің 2020 жылғы 15 маусымдағы №40-ыншы қаулысына сәйкес, барлық ойын-сауық орталықтарының қызметі тоқтатыла бастады. Атап айтқанда, боулинг және компьютерлік ойын орталықтары жұмыс істемеуі керек. Ал бұл нысан қызметін тоқтатпаған. Енді бұл іс бойынша жергілікті полиция қызметкерлері шара қолданатын болады», - деді Алмалы ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Меруерт ҚАСЫМОВА.

Ал аудандағы атауы мен жазу жазылмаған тағы компьютер орталығында жастар емес кілең қариялар жиналып алған. Өздерінің індетті жұқтырып алуға бейім екенін біле тұра жиылғандар түсірілім тобы есіктен кіре бере, жан-жаққа тығылды. Не себепті келгендерін сұрағанда, көпшілігі жауаптан қашты.

«Бұл компьютерлік клубта 60 жастан асқан қарт адамдар анықталды. Келушілердің ешқайсысында медициналық бетперде жоқ. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-ші бабының 3-ші бөлімі бойынша, 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін», - деді Алмалы ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Меруерт ҚАСЫМОВА.

Ережені елемеген қарияларды полиция қызметкерлері жергілікті учаскеге алып кетті. Сондай-ақ, Алмалы ауданындағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы зейнеткерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Ал, Әуезов көшесі мен Бөгенбай көшелерінің қиылысында орналасқан бұл нысанның қызметкерлері жұмысын тоқтатпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.