Алматыда тұрғын үйде газ жарылды: 3 адам ауыр халде

0
511

Қатты дүмпу үйдегі есік-терезені, ішкі қабырғаларды қиратқан.


Алматыда тұрғын үйде газ жарылды: 3 адам ауыр халде

ERNUR.KZ. Алматыда көпқабатты үйде газ жарылып, 3 адам ауыр жарақат алды, деп хабарлады «Хабар 24».

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Первомайка ауылындағы Постышев, 64 «В» мекенжайында барак типтес 3 қабатты үйде жарылыс болды. Онда жалдамалы пәтерлерде 12 отбасы тұрып жатқан.

Оқиға орнына жеткен апаттық-диспетчерлік қызметтің хабарлауынша, жарылыс бірінші қабаттағы №3 пәтерде болған. Қатты дүмпу үйдегі есік-терезені, ішкі қабырғаларды қиратқан.

Мамандардың тексеруінен соң үйдегі газ қазандығы қирамағаны анықталды.

Ал қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем бригадасы №4 ауруханаға 3 пациентті жеткізді. Үшеуі да қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

«36 жастағы ер адамның денесін 100 пайыз күйік (3-дәрежелі) шалған. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Науқастың жағдайы өте ауыр. 19 жастағы қыздың денесінің 85 пайызын күйік (3-дәрежелі) шалған, жағдайы өте ауыр. 23 жастағы жігіттің беті, аяқ-қолдары күйген (1-дәрежелі). Денесінің 22 пайызы зақымданған. Бұл пациенттің де жағдайы өте ауыр», - деді басқарманың баспасөз қызметінен.