Алматыда ҰБТ басталды: санитарлық нормаларды сақтау ерекше бақылауға алынды

0
2 260

ҰБТ 20-30 қаңтар аралығында Алматы қаласының бес ЖОО базасында өтеді.


Алматыда ҰБТ басталды: санитарлық нормаларды сақтау ерекше бақылауға алынды

ERNUR.KZ. Алматыда 11-сынып оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу басталды, деп жазады ҚазАқпарат.

ҰБТ 20-30 қаңтар аралығында Алматы қаласының бес ЖОО базасында өтеді. Бұл ретте ҰБТ өткізу пункттерінде күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етіледі.

Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 ифекциясының одан әрі таралуының алдын алу мақсатында ҰБТ өткізудің келесі жоспары бекітілді.

ҰБТ өткізу пункттерінде ұйымдастырылатын болады:

- медициналық пункттің медицина қызметкері мен жедел медициналық көмек бригадасының кезекшілігі;

- медицина қызметкерінің денсаулық жағдайына сауалнама жүргізіп, дене температурасын өлшей отырып, ҰБТ өткізу пунктінің барлық қызметкерлерін күн сайын ауысым алдындағы фильтрды жүзеге асыруы, адамдардың жиналуына жол берілмейді, вестибюльдер мен дәліздерде адамдарды күтуге жол берілмейді;

- ішке кіргізер кезде кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау қамтамасыз етіледі, шектеу белгілері орнатылады;

- ҰБТ өткізу пункттерінде дезинфекциялық тоннельдер мен аяқ киімге арналған кілемшелер, санитайзерлер орнатылады;

- шыға берісте пайдаланылған бетперделерге арналған қоқыс жәшіктері орнатылады;

- желдету режимін сақтауды қамтамасыз ете отырып, профилактикалық тексеру (сүзгілерді ауыстыруды, ауа өткізгіштерді дезинфекциялауды қоса алғанда) жүргізе отырып, желдету жүйелері мен ауаны баптау жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;

- ҰБТ өткізу пункті қызметкерлерінің, тестілеуге қатысушылардың және өзге де адамдардың жеке гигиенаны сақтауы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету (санитарлық тораптардың жұмыс істеуі, қол жууға арналған қолжуғыштардың, сабындардың, бір реттік сүлгілердің немесе электр сүлгілердің, санитайзерлердің болуы);

-күніне кемінде 2 рет ҰБТ өткізу болжанатын барлық аудиторияларды оларға қоса берілген нұсқаулыққа сәйкес жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып ылғалды тазалық жұмыстары жүргізіледі, ғимараттарды әрбір 1,5-2 сағат сайын желдетуді жүзеге асыру қажет.

Бұдан басқа, ҰБТ өткізу пункттерінде үздіксіз электрмен жабдықтау, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті, өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кезекшілік қамтамасыз етіледі.

ҰБТ өткізілетін жерлерде инфекцияның таралу қаупін болдырмау үшін ҰБТ-ға қатыспайтын адамдарға, оның ішінде ата-аналарға да бару ұсынылмайды.

Естеріңізге сала кетейік, «Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру туралы» ҚР Білім Министрлігінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі №420 бұйрығына өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес ҰБТ 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында). Қоғамдық жиналатын орындарға бару қажеттілігін болдырмау үшін коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініштерін қабылдау 2020 жылғы желтоқсанда ent2020.testcenter.kz сайтында online тіркеу арқылы жүзеге асырылды.