Алматыда үш адам өлтірген қаскөй 25 жылға сотталды

0
605

Қандықол қылмыскер үш әйелді өлтірген.


Алматыда үш адам өлтірген қаскөй 25 жылға сотталды

ERNUR.KZ. Алматы қаласында үш адам өлтірген қандықол қарақшы жиырма бес жылға сотталды, деп жазады Polisia.kz.


– З.Палтуев қысқы кештердің бірінде тәтесімен жер үйде тұратын өзінің танысы болып табылатын 1986 жылы туған азаматшаға қонаққа келіп, үй иелерімен бірге алкогольдік ішімдіктер ішкен. Бұл кезде үйдің басқа бөлмесінде 1950 жылы туған ер адам ұйықтап жатқан. Алкоголь ішкен З.Палтуев өзінің танысымен жанжалдасып қалып, үстелден ас үй пышағын алып, оны ары-бері сермеп, әйелді өлтіремін деп қорқытқан. Жанжалға басқа бөлмеде ұйықтап жатқан ер адам араласқан. Алайда оның ашуланған адамды тоқтатамын деген әрекеті нәтижесіз аяқталған. З.Палтуев алдымен ер адамға бөтелкенің сынығымен көптеген жарақат салған. Сосын апалы-сіңлілі екі әйелді жарақаттаған, алған жарақаттарының салдарынан әйелдердің екеуі де қайтыс болды, – деді Алматы қаласының ПД Тергеу басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы Толғанай Ержанова.


Жасаған қылмыстарының ізін жасыру үшін З.Палтуев үйді өртеуге шешім қабылдап, от қойған.

Үйдің өртеніп жатқанына көз жеткізген соң, қылмыскер оқиға орнынан қашып кеткен. Ауыр жараланған ер адамды жанып жатқан үйден көршілер алып шығып, оған медициналық көмек көрсетілген, нәтижесінде ер адам тірі қалды.


– Кісі өлтірушінің қылмыстық әрекеттері мұнымен аяқталған жоқ. Қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, іздеуде жүрген З.Палтуев Бөкейханов көшесінде аса қатыгездікпен бірнеше ауыр қылмыс жасады. Алкогольдік ішімдікке тойып алған З.Палтуев көше бойлап кетіп бара жатқан жас қызды байқаған. Қаскөй қызды аңдып, жылу трассасына жеткен кезде оған шабуыл жасап, ұрып-соғып, зорлап өлтірген. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында күдікті З.В.Палтуев сол күні ұсталды. Алматы қаласы сотының үкімімен Замандин Палтуев бірнеше адамды өлтіргені, адам өлтіруге оқталғаны, адам зорлағаны, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, қарақшылық шабуыл жасағаны, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды, – деп қорытындылады Толғанай Ержанова.