Алматыда «Яндекс» такси жүргізушісі жолаушының қолын тіліп тастаған

0
474

Оқиға 3 апта бұрын тіркелсе де, күдікті әлі бостандықта жүр.


Алматыда «Яндекс» такси жүргізушісі жолаушының қолын тіліп тастаған

ERNUR.KZ. Алматыда «Яндекс» такси жүргізушісі жолаушы қызды қажетті жеріне апаруды талап еткені үшін тілгілеп тастаған, деп жазады Azattyq Ruhy.

Жәбірленуші Құралай Ғалиева такси қызметіне тапсырыс берген. Ол қызмет ақысын межелі жеріне жетпей қолма-қол төлегенін айтады. Алайда, ақшасын алған жүргізуші жолаушыны баратын жеріне дейін жеткізбей, ерегісіп, қыздың қолын тілгілеп өткір затпен тастаған.

Болған жайтты Құралай Ғалиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, сөзіне дәлел келтіру үшін такси мен оның жүргізушісінің фотосуреттерін жүктеген.

«Бұл адамның қаншалықты қауіпті екенін айтқым келеді. Ол өз кінәсін мойындап отырған жоқ. Оны әлі ұстаған да жоқ. Мен оған бірден қолма-қол ақша төледім. Бірақ ол менің баруым керек мекен-жайға жеткізіп салмады. Оған қоса, маған қол көтеріп, шабуылдады. Полиция оны неге әлі күнге дейін іздеген жоқ? Ол қоғамға қауіпті. Үш апта бойы күттім, бірақ шыдамым таусылды», - деп жазды Құралай өзінің Facebook парақшасына.

Оқиға осыдан үш апта бұрын болған екен. Зардап шеккен қыз такси жүргізушісінің түрін де, көліктің мемлекеттік нөмірін де көрсеткен. Алайда, полиция күдіктіні әлі ұстамаған, тек аталған жайт бойынша қылмыстық істің қозғалғанын айтып отыр.

«Аталған факт ҚР ҚК 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деді Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.