Алматыда жол бойына көрпеге орап тастап кеткен 4 жасар баланы әкесі ұрған

0
1 677

Қазіргі уақытта баланың әкесі Мұрат Асқароғлы бұл қылмысты өзі жасағанын мойындап, мас күйде болғанын айтты.


Алматыда жол бойына көрпеге орап тастап кеткен 4 жасар баланы әкесі ұрған

фото: Tengrinews.kz

ERNUR.KZ. Алматыдағы Шығыс айналма автожолында ессіз күйде табылған 4 жасар Мұхамад Асқароғлыны өз әкесі таспен ұрған болып шықты. Бұл туралы Алматы қалалық ІІД өкілдері айтып берді, - деп жазады Tengrinews.kz.

Кешенді жедел тергеу шараларының барысында 16 шілдеде 10.50-де Брянская мен Одесская көшелерінің қиылысында ес-түссіз жатқан жерінен табылған баланың басынан өткен жағдайдың нақты мән-жайы анықталыпты.

"Бастапқыда тергеу өзін куәгермін деп таныстырған қыздың жалған көрсетпесі бойынша жүрді. Кейін оның баланы қара түсті көлік қағып кетті деген сөздері жалған екені анықталды. Куәгердің айтқан сөздері жедел әрі арнайы шаралардың нәтижелерімен және қалалық видеомониторинг көрсетпелеріне сәйкес келмеді. Осылайша баланы көлік қақпағаны анықталды: Мұхамедтің жарақаты жол-көлік оқиғасына сәйкес келмейді. Тергеу осы шаралармен қатар оқиғаның басқа да нұсқаларын қарастырды. Өзге куәгерлердің айтқан сөзі мен өзге дәлелдер базасы зерттелді.

Видеобақылау камераларының бірі Мұхамедтің әкесінің оны қолынан ұстап, жол шетімен келе жатқанын түсіріп алған. Сөйтсек, ер адам баланы адам жоқ жерге апарып, баланың тәртібіне ашуланып, басынан таспен ұрған болып шықты. Оқиға орнын тыңылықты қарап шығу үшін, шөпті шауып, сол тасты тауып алдық, сол жерде ересек адамның болғанын айғақтайтын белгілерді таптық", - деді қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазіргі уақытта баланың әкесі Мұрат Асқароғлы бұл қылмысты өзі жасағанын мойындап, мас күйде болғанын айтты.

"Таңертеңнен ішіп алдым, балам мазасыз еді. Тасты алып, басынан ұрдым, шошып кетіп, автобусқа отырып, жұмысқа кеттім. Сол жақта жуындым. Қазақстандықтардан, полиция қызметкерлерінен, маған көмектескен депутаттан кешірім сұраймын. Жаза тартуға дайынмын және кешірім сұрауға лайық емес екенімді білемін", - деп мәлімдеді ер адам.

Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.