Алматыдағы мектептердің тең жартысы жойқын зілзалаға төтеп бере алмайды - сейсмологтар

0
1 233

Әзірге қаладағы 8 мектепті сейсмокүшейтуден өткізу үшін бюджеттен 7 миллиард теңге қарастырылған.


Алматыдағы мектептердің тең жартысы жойқын зілзалаға төтеп бере алмайды - сейсмологтар

фото:almaty.tv

ERNUR.KZ. Осылай деген сейсмологтар әлеуметтік маңызы бар нысандарды тездетіп сейсмокүшейтуден өткізу керек деп дабыл қағуда. Бұл мақсатта, қазір қалада 8 мектептің қабырғасын қатайту жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыдағы №125 орта мектептің салынғанына 30 жылдан асқан. Бұған дейін нысанда ешқашан сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілмепті. Ақпан айынан бері мамандар 9 балдық зілзалаға төтеп беретіндей күшейту жұмыстарын бастап кеткен. Жаңа оқу жылына дейін оқу ғимараты қауіпсіз әрі жаңа кейіпке енеді. Тіпті, инженерлік желілерге дейін жаңартылғалы жатыр.

«Қазіргі таңда сейсмокүшейту жұмыстары 100 пайыз аяқталуға таяп қалды. Әрлеу жұмыстарын бастадық. Онымен қоса желдету, электрлендіру мен сантехника және ішкі инженерлік жұмыстары да жүріп жатыр», – дейді құрылыс компаниясының учаскелік басшысы Саят ЖАҚСЫМАНОВ.

Құрылысшылар қаладағы №18 мектеп-гимназиясының тек қаңқасын ғана қалдырған. Себебі сейсмокүшейту жұмыстарын толық жүргізу үшін қабырғаға жапсырылған қабат-қабат құрылыс материалдарын алып тастауға тура келген.



«Сейсмокүшейту жұмыстарын жасап жатқан себебіміз, бұл мектептің салынғанына 40 жыл болған. Бұл жерде 33-ші швейлер қойылған. Енді біз одан әлдеқайда мықты тіреуіштермен сейсмокүшейту жасап жатырмыз. Бұдан кейін міндетті түрде өңдеу жұмыстары жүргізіледі», – дейді құрылыс компаниясының учаскелік басшысы Орақбай ӘЛМҰХАНОВ.

Биылдыққа Алматы қаласында бас-аяғы 8 білім беру нысанында сейсмотұрақтылықты күшейту бойынша жұмыстар қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, олар: Жетісу ауданындағы №143 мектеп, Түрксіб ауданындағы №49 мектеп, Алмалы ауданында №18 және №25-ші мектеп, Әуезов ауданындағы № 153 мектеп, Бостандық ауданындағы №125 мектеп.

«Барлық нысандар бойынша іргетас, бағана, қабырғалар мен тағы басқа конструкциялар орындалуда. Мысалы, кірпіштен жасалған ғимараттардың сейсмикалық күшейтілуі кезінде диаметрі 8-10 мм арматурадан жасалған 200 мм қадамен қабырғаларды күшейту орындалуда. Ал панельді ғимараттарда бұрыштардан порталды байланыстар орнатылады», – дейді Алматы қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы АЙДЫН БЕГІМБЕКОВ.

Сейсмологтар мектептердің сейсмокүшейту жұмыстарын тездетуді талап етуде. Зерттеушілердің айтуынша, қаланың тең жартысы қауіпті аймақта тұрған көрінеді. Барлық ауданда қауіпті нүктелер бар. Ол аумаққа Алматыдағы 48 мектеп енеді екен.

«Қаладағы 323 мектептің 51 %-ы сейсмокүшейтуден өткен. Зілзала кез-келген уақытта болуы мүмкін. Соңғы жойқын жер сілкінісі осыдан 130 жыл бұрын болған. Ал мұндай қауіпті жағдай әр 120-140 жыл сайын қайталанып отырады», – дейді ҚР БҒМ «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» АҚ аймақтық сейсмикалық зертханасының меңгерушісі Алла САДЫҚОВА.

Әзірге қаладағы 8 мектепті сейсмокүшейтуден өткізу үшін бюджеттен 7 миллиард теңге қарастырылған. Бастысы, жергілікті билік балалардың қауіпсіздігі үшін ақшаны аяп қалмайтындықтарын білдірді. Нысандар 1 қыркүйекке дейін толық тапсырылады.