Алматылық оқушылар ғарышта өсетін өсімдік өсіріп шығарды

0
2 021

Құнарлы топырақ қабатының орнына салмағы жеңіл гидрогель қолданған.


Алматылық оқушылар ғарышта өсетін өсімдік өсіріп шығарды

ERNUR.KZ. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушы қыздары ғарышта өсетін өсімдік өсіріп шығарды, деп жазады 24.kz.

Алматыдағы химия-биологиялық бағыттағы мектептің 11-сынып оқушылары Алина Мақашева мен Наргиз Сейсек құнарлы топырақ қабатының орнына салмағы жеңіл гидрогель қолданған. Олар бір және сыңар ұрықты өсімдік түрлерін салыстыра келе, соңғысы ғарышта ұзақ сақталады деген қорытындыға келеді. Айтуларынша, жасанды микро-өсімдік суаруды қажет етпейді.

Асбұршақ пен екпе-шиырмақ сынды микро-көкөністерден қоректік заттар өндіруге болады. Жасалуына 3 ай жұмсалған жоба алтыбұрышты призма пішінімен өңделген.

«Капсула – желінің бір ғана бөлігі», – дейді жас биологтар. Шетелдік ғарыш саласында қолданылатын тәжірибенің кейбір кем-кетігін өздерінше жетілдірген қыздар жалпы ғылымға нәзік жандылардың да таласы барын көрсетсе керек.

Наргиз Сейсек, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы: – Өсіріп жатқан өсімдіктеріміз қысқа мерзімде өседі. Олар тек қана 2 немесе 3 апта ішінде 10-15 см-ге дейін өсіп шығады. Және ең басты айтып кететіні, 10-15 см-ге жеткен деңгейде 40-50 пайыздан астам дәрумендер сақтайды. Ол дегеніміз А, B, C, D, E дәрумендерді болып табылады. Осы дәрумендерді қолдана отырып, ғарыштағы ғарышкерлер өздерінің денсаулықтарын жақсарта алады.

Гүлмира Бейсенбаева, биология пәнінің оқытушысы: – Мектепте жыл сайын ғылыми жобалардың байқауы өтіп тұрады. Жүлделі орыннан көрінген оқушылар желілік конкурстарға қатысып, білімін іс жүзінде шыңдайды. Мәселен, ғарышта микро-өсімдік өсіруге арналған құрылғыны жасау үшін қыздар физика пәнінен алған білімін қолданды.

Ал температурасы мен дымқылдығын тексеру үшін информатика мен ғарышкерлердің станциядағы тұрмысына қолайлы өсімдіктерді баптау үшін биология пәндерін пайдаланды. Осылайша әр пәннің арқасында өздерінің жан-жақтылығын шыңдап келеді.