"Аңсаған сәби": ЭКҰ-ға квота беруден қандай жағдайда бас тартылады

0
584

Әйелдерге экстракорпоралды ұрықтандыруға квота алудан бірнеше жағдайда бас тартылуы мүмкін.


ERNUR.KZ. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ медициналық көмектің сапасын бақылау департаментінің директоры Ләззат Шоманова экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) квота беруден қандай жағдайда бас тартылатынын түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әйелдерге экстракорпоралды ұрықтандыруға квота алудан бірнеше жағдайда бас тартылуы мүмкін. Егер жатырдың немесе жатыр түтіктерінің туабіткен немесе жүре пайда болған аномалиялары, соматикалық, онкологиялық аурулар, емдеуді қажет ететін жіті қабыну аурулары болса - квота берілмейді. Бұл ретте пациенттер тіркелген жері бойынша емханаға жүгінеді. Егер дәрігерлер қарапайым жүктілік үшін барлық емдік мүмкіндік таусылғанын түсінсе, онда әйелдерді экстракорпоралды ұрықтандыруға жібере бастайды», - деп түсіндірді Ләззат Шоманова.

Ол үшін болашақ ана арнайы тізімге тіркелуі керек. Мамандар оны 12 ай бойы дайындап, өзі тиісті құжаттарды жинауы қажет. Ол құжаттар аймақтық комиссияға жіберіліп, квота бөлу мәселесі қаралады.

«Қор ЭКҰ қызметін көрсететін 19 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасасты, оның 18-і – жеке меншіктің иелігінде. Барлық ұйым атаулары Қордың интернет-ресурстарында көрсетілген. Яғни квота алғысы келетін пациенттер осы ұйымдардың кез келгенін таңдай алады. Олардың таңдау құқығы сақталған», - деді Ләззат Шоманова.