«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнындағы төрт жұмысшының қазасы: кінәлі тарап анықталды

0
692

Оқиға 10 маусым күні болған.


«АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнындағы төрт жұмысшының қазасы: кінәлі тарап анықталды

ERNUR.KZ. Арнайы комиссия осы жылдың 10 маусымында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында төрт жұмысшының қаза болу себебін атады, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Комиссия жазатайым оқиға болған жерді қарап, куәгерлерден сұрастырып, техникалық құжаттаманы, тексеру материалдарын, куәгерлерден сұрау хаттамаларын, сараптамалық ұйымдардың қорытындысын, нормативтік құжаттарды зерделеп, жазатайым оқиғаның себебін анықтады.

«№9 қыздыру пешінде қауіпсіздік іс-шаралары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Жұмысты ұйымдастыру жобасы, өндірістік жұмыс жоспары және технологиялық карталар болған жоқ. Термопешке жұмыстар жүргізу үшін іс-шаралар әзірленбеген, бекітілмеген және лауазымды адамдарда тиісті нұсқаулықтар болмаған. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлық деңгейде болмаған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірісінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген.
Арнайы тергеу қорытындысы бойынша комиссия жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсін анықтады. Комиссия аталған бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғаларды анықтады», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы, еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Ол өз сөзінде тергеу қорытындысы бойынша акт қабылданғанын айтып өтті. ҚР Еңбек кодексінің 190-бабына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін материалдардың көшірмелері аумақтық полиция органына жіберіледі, ол ҚР заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылдайды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 10 маусымында «Құрылысмет» ЖШС аумағында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да жазатайым оқиға болып, 4 адам қаза тапқан. Отқа төзімді кірпіш қалауын бөлшектеу кезінде ұста-пресс цехының № 9 жұмыс істемейтін термиялық пешінде төбе құлады. Пеш күмбезі құлап, үйінділердің астында бес адам қалды.