Асқар Мамин АЭА және индустриялық аймақтың 3 жылдық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырды

0
908

Премьер-Министр арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімді жұмысын «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыруды тапсырды.


Асқар Мамин АЭА және индустриялық аймақтың 3 жылдық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырды

ERNUR.KZ. Үкімет басшысы Асқар Мамин арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жеке инвестиция тартуға бағытталған тиімді алаң болып отыр. Қазіргі таңда 12 арнайы экономикалық аймақтың аумағында 183 жоба, ал 24 индустриялық аймақта 168 жоба іске асырылған. 1 трлн теңгеге жуық жеке инвестиция тартылды. Оның ішінде 27 пайыз - шетелдік компаниялардың капиталы. 2021 жылға дейін осы аймақтарда 2,5 трлн теңгеден астам соманы құрайтын 318 жоба іске қосылып, 11,5 мың адам жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр», - дейді Үкімет басшысы.

Асқар Маминнің айтуына қарағанда, Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында, Павлодар мен Алматы облыстарында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды басқару бойынша тиімді жұмыс атқарылуда.

«Мысалы, «Оңтүстік» экономикалық аймағында әрбір бюджеттік бір теңгеге 15,5 жарым теңге, ал Павлодарда 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған. Өте жоғары көрсеткіштер. Индустриялық аймақтар бойынша Шымкент қаласының «Оңтүстік» аймағында жалпы сомасы 38 млрд теңгені құрайтын 55 жоба, Қызылорда облысында жалпы сомасы 65 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске қосылды. Сонымен қатар, Қарағанды облысының «Қарағанды» арнайы аймағы, Жамбыл облысындағы «Тараз» химия паркі секілді бірқатар даму әлеуеті толығымен жүзеге асырылмаған. Инвестициялардың көлемі мен жобалардың саны төмен. Сондықтан, осы бағыт бойынша белсенді жұмыс атқару керек», - деді ол.

Үкімет басшысы сөзін жалғастыра келе арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту бойынша келесі тапсырмаларды берді.

«Біріншіден - өңірлерге арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды тарту керек. Мысал ретінде «Қорғас» шығыс қақпасы мен «Ақтау» портын басқаруға Дубайдан компания тартылуда. Екіншіден, тиісті мемлекеттік органдарға осы аймақтарды басқару мен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыстарды қолға алуды тапсырамын. Қаржыландыру кезінде тиімді экономикалық аймақтарға қолдау көрсету керек. Үшіншіден, өңір әкімдіктеріне жобаларды іске қосқан кезде жоғары технологиялық өндірістер мен экспорттық әлеуеті жоғары өнім шығаруға назар аударуды тапсырамын», - дейді Асқар Мамин.

Премьер-Министр арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімді жұмысын «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыруды тапсырды.

«Қосымша бір мәселе: жауапты мемлекеттік органдар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша үш жылдық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырамын. Осы жылдың қыркүйек айында аймақтардың даму жоспарларын талқылаймыз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар өңірлердің экономикалық өсімін қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін нақты жұмыстар мен сапалы жобалар қажет», - деді Үкімет басшысы.