Асқар Мамин Каспийдегі жаңа туристік кешеннің іргетасын қалауға қатысты

0
838

ҚР Үкіметінің басшысы өңір активінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.


Асқар Мамин Каспийдегі жаңа туристік кешеннің іргетасын қалауға қатысты

ERNUR.KZ. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп жазады ҚазАқпарат.

Онда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттердің жүзеге асырылуымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы сәуір айында жұмыс сапары барысында өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша берген тапсырмаларының орындалуымен танысты.

ҚР Үкіметінің басшысы өңір активінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша өңірде өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 943,6 млрд теңгені құрады, соның ішінде 20,1%-ға машина жасау өсімін қамтамасыз ету есебінен болды. Негізгі капиталға инвестициялар 121,8 млрд теңгені құрады. Жалпы алғанда, биыл өңірдің инвестициялық қоржыны 1,6 трлн теңгеге 44 инвестициялық жобадан тұрады, олардың ішінде 67 млрд теңгеге 22 жобаны іске асыру 2019 жылға жоспарланған.

Кеңес барысында ұлттық экономика вице-министрі Е. Алпысов, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б. Қамалиев, энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыру, өңірде көлік инфрақұрылымын және мұнай-газ кешенін дамыту туралы баяндады.

«Елбасы Маңғыстау облысының дамуына ерекше көңіл бөледі», - деп Асқар Мамин, ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бірқатар стратегиялық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылғанын атап өтті.

Қазіргі таңда аталған жобалар еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін дамытуға елеулі түрде ықпал етуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында өңірде Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру жұмыстары басталды. 67 іс-шара жоспарланған, соның нәтижесінде 16,3 мың жұмыс орны ашылады. Кеңес қорытындысын шығара отырып, Асқар Мамин Маңғыстау облысы Қазақстанның батыс қақпасы екенін айтып, өнеркәсіп және көлік-логистика салаларын, туризмді одан әрі дамытудың қажеттігін атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Каспий теңізінің жағалауында жаңа жоба салынатын жерде тас салу рәсіміне қатысты. Аквапаркі, спорт алаңдары мен конгресс-холы бар 600 орынға арналған туристік кешенді 2020 жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланған.

Бұл жобаны іске асыру облыста туризмнің дамуына зор серпін береді, аталған жобада 2000-ға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Каспий теңізінің жағалауы туризмді дамытудың әзірленген мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстанның басым туристік аумақтарының үздік ондығына кіреді. Өңірде жаңа 45 қонақ үй кешенін салу үшін жеке инвестициялар тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің басшысына жұмыс сапары барысында инвестициялар көлемі $1,8 млрд астам болатын «Ақтау теңіз порты» АЭА аймағында метанол мен олефин өндіру зауытын салу жоспарлары таныстырылды. Жоба импортты алмастыруға бағытталған, зауытта газ метанолға қайта өңделеді және 40-тан астам өнім атауын шығаруға мүмкіндік беретін басқа да құрауыштар шығарылады.